СОЗАҚ АУДАНЫНДАҒЫ ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗІ

Созақ ауданы – табиғи-климаттық жағдайы ерекше, шөл және шөлейт аймаққа жататын өңір. Мұндай жерде мал шаруашылығының ішінде ең төзімді, ең тиімді түлік түрі – түйе. Бүгінде ауданда 15 мыңға жуық түйе өсірілуде. Бұл – өңірдегі ауыл шаруашылығының маңызды бағыттарының бірі ретінде түйе шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын көрсетеді. Ата-бабамыздан қалған байырғы кәсіптің бүгінде ғылыми негізде жаңғырып, заманауи талаптарға бейімделіп дамып келе жатқаны қуантады.

Жайылым жағдайына байланысты үнемі көшіп жүрген ата-бабаларымыз түйені шөл даланың төзімді көлігі ретінде ғана емес, тіршілікке қажетті сүт, ет, жүн өндіру көзі ретінде де ерекше бағалаған. Осы себептен де түйені «дала кемесі» деп бекер айтпаған. Айыр өркешті түйе – Бактриан (қос өркешті), ал сыңар өркештісі – Дромедар деп аталады. Елімізде негізінен қос өркешті түйе кең таралған, ал сыңар өркешті түйе Қарақұм мен шөлейтті аймақтарда кездеседі.

Созақ ауданында түйе шаруашылығымен айналысатын бірнеше іргелі қожалықтар бар. Атап айтқанда, «Қарақұр» өндірістік кооперативі, «Нұрбол», «Маметханов», «Сенім», «Бағдат» шаруа қожалықтары асыл тұқымды түйе өсіруге басымдық беріп отыр. Бұл қожалықтарда селекциялық жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Қазақтың қос өркешті түйесін түрікмен аруанасымен будандастыру арқылы алынатын жаңа типтегі түйелер ауа райына төзімділігімен әрі өнімділігімен ерекшеленеді.

Будан түйелерден алынатын сүт пен ет өніміне сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, уран өндірумен айналысатын өңірде түйе сүтіне деген қызығушылық жоғары. Түйе шұбаты ағзаны қалпына келтіру, иммунитетті күшейту және радиациялық әсерлерге қарсы тұру қасиеттерімен танымал.

Түйе шаруашылығын ғылыми тұрғыда дамыту – аудан үшін басым бағыттардың бірі. Ғалымдар қазіргі уақытта қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруанасы негізінде жаңа асыл тұқымды желілерді шығаруға күш салуда. Бұған қоса, түйе өнімдерін өндіру, өңдеу және сақтау бойынша инновациялық технологиялар енгізу мәселесі күн тәртібінде тұр.

Түйе шаруашылығы тек мал шаруашылығының бір саласы ғана емес, оны туризммен ұштастыруға да болады. Түйе шеруі, бәйге, жүк тасу, түйе жүнінен бұйымдар жасау сияқты бағыттар өңірлік туристік кластердің дамуына жол ашады. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Түйе – аса шыдамды жануар болғанымен, оны тиімді өсіру үшін жайылым мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Аудан бойынша Бетпақдала жайылымы – жазғы мал жаюға таптырмас аймақ. Ал қыс мезгілінде Мойынқұм мен Шабырдағы орман қоры жерлері пайдалануға қолайлы. Шаруаларға осы аумақтарды тиімді игеру ұсынылып отыр.

Сонымен қатар, тозған жайылымдық жерлерге шөлге төзімді өсімдіктер егіп, су көздерін ашу арқылы қайта айналымға қосу – уақыт талабы. Су тапшылығы мен жайылым мәселесін шешпей, түйе шаруашылығын ілгерілету мүмкін емес.

Түйе сүті – ерекше биологиялық өнім. Оның құрамында адамның иммунитетін көтеретін, ішкі ағзаны тазартатын қасиеттері бар. Ежелгі замандардан бері шұбатты тыныс жолдары ауруларына, созылмалы бронхитке, асқазан ауруларына ем ретінде пайдаланған. Сонымен қатар, түйе майы – буын ауруларына, тері жарақаттарына ем. Оны халық медицинасында жел тигенде, бел ауырғанда, тіпті жара асқынғанда қолданған.

Түйе жүнінен жасалған бұйымдар да ерекше қасиетке ие. Ол жылуды ұзақ сақтап, буын мен сүйек ауруларына қарсы профилактикалық құрал ретінде қолданылады.

Соңғы жылдары Созақ ауданындағы түйе шаруашылықтары Өзбекстанға түйе экспортымен айналыса бастаған. Бұл – екіжақты пайда беретін қадам болғанымен, түйенің өзін емес, одан алынатын өнімді ғана экспорттау тиімдірек. Өйткені өнім өндіру, оны өңдеу және экспорттау арқылы қосымша құн қалыптасады, ал тірі малды сыртқа сату – ұлт байлығын қолдан шығару деген сөз.

Сондықтан бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсету аса маңызды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі республика бойынша түйе шаруашылығының жағдайын зерттеп, нақты бағдарламалар арқылы қолдау тетіктерін қарастыруы тиіс.

Созақ ауданы – түйе шаруашылығын дамытудың әлеуеті зор өңір. Бұл салада ғасырлардан келе жатқан тәжірибе мен қазіргі заманғы ғылыми жетістіктер ұштасуда. Ендігі кезекте шаруалар мен мемлекет бірігіп, малдың асыл тұқымды сапасын арттыру, өнімді өңдеу мен нарыққа шығаруды жүйелеу арқылы түйе шаруашылығын ұлттық брендке айналдыруға күш салуы қажет. Түйе – ата кәсібіміздің ғана емес, болашақ экономикалық жетістігіміздің де негізі бола алады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*