
2025 жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстарды баяндау мақсатында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Жиын барысында аудан басшысы инфрақұрылым, құрылыс, ауыз су, спорт, денсаулық сақтау және басқа да маңызды салалар бойынша жан-жақты мәлімет ұсынып, нақты жобалар мен көрсеткіштерге жеке-жеке тоқталды.
Мұхит Тұрысбеков өз сөзінде ауданның даму қарқыны тұрақты екенін айта отырып, шешімін күткен мәселелерге де шынайы баға берді. Журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға ашық әрі нақты жауап беріп, ауданды алда күтіп тұрған жұмыстар мен перспективалық жобалар жайлы кеңінен әңгімеледі.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өңірдегі оң өзгерістерді көзбен көру үшін арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Аталған іс-шара ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын кеңінен таныстыруға бағытталған. Журналистер сапар аясында құрылысы қарқынды жүріп жатқан бірқатар маңызды нысандарды аралап, жаңадан жүзеге асып жатқан жобалардың барысымен танысты.
Тур барысында алғашқы аялдама Шолаққорған ауылындағы «Жасыл белдеу» аймағы болды. Мұнда экологиялық жағдайды жақсартуға арналған көгалдандыру жұмыстарының көлемі артып келеді. Одан кейін БАҚ өкілдері аудан орталығында бой көтеріп жатқан халықаралық талаптарға сай заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барды. Бұл нысан алдағы уақытта республикалық және халықаралық жарыстар өткізуге лайықты алаңға айналмақ.
Сонымен қатар, «Достар» стадионындағы күрделі жөндеу жұмыстары да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Журналистер коммуналдық саланы жаңғыртуға бағытталған жаңа техникалармен, абаттандыру жобаларымен, сондай-ақ «Жанболат» шаруа қожалығында енгізілген жаңбырлатып суару жүйесінің тиімділігімен танысты. Ағымдағы жылдың өзінде ғана бұл технология 197 гектар алқапқа енгізіліп, суды үнемдеу көрсеткіші едәуір артқан.
Бұдан бөлек, жаңа үлгідегі көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да журналистер назарына ұсынылды. Жеткіншек мөлтек ауданында бой көтеріп жатқан 92 пәтерлі тұрғын үйлер – аудандағы баспана мәселесін шешуге бағытталған маңызды қадам.
Баспасөз турының аясында журналистер бірнеше топқа бөлініп, Созақ, Құмкент және Жартытөбе ауылдық округтеріне арнайы сапарлады. Бұл елді мекендерде жаңа спорт алаңдары, әкімшілік ғимараттар, ауыз су жүйелері мен жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, облыстық маңызы бар КХ-110 «Мардан-Қызмолдақ-Сызған» бағытындағы 13,3 шақырымдық жолға орташа жөндеу жүргізіліп, сапалы асфальт жабындысы төселген.
Аудан басшысының жұмыс сапары Қарақұр ауылдық округінде жалғасты. Мұхит Тұрысбеков ауылішілік жолдарды аралап, құрылыс барысымен танысты. Қарақұр ауылындағы жалпы ұзындығы 5,5 шақырымды құрайтын Наурыз, Наурыз-1 және Абай көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары басталған. Бұған дейін осы округке қарасты Шаға елді мекенінде – 2,15 шақырым, ал Раң елді мекенінде – 1,5 шақырым жолға асфальт төселіп, тұрғындар игілігіне берілген.
Аудан әкімі құрылыс сапасына ерекше тоқталып, жауапты мердігерлер мен сала мамандарына жұмысты белгіленген мерзімде әрі сапалы орындау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, салғырттыққа жол бермеу керектігін қатаң тапсырды.
Жалпы, бұл баспасөз мәслихаты мен туры Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетті. Аудан әкімдігі мен БАҚ арасындағы осындай ашық диалог – халыққа нақты ақпарат жеткізудің тиімді құралы. Ал ауданның қарқынды дамуы – мемлекет саясатының жергілікті деңгейде сәтті жүзеге асып жатқанының айғағы.
Пікір қалдыру