
Созақ ауданы әкімінің аппаратының басшысы Абдуахат Бакировтің төрағалығымен аудан көлемінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізіліп жатқан ішкі талдау жұмыстарының қорытындылары бойынша арнайы жиын өтті. Іс-шараға аудан әкімінің аппаратының қызметкерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, ауылдық округтер мен кент әкімдері, дербес бөлімдердің жауапты мамандары қатысты.
Жиында аудан әкімінің аппаратына қарасты заң бөлімінің басшысы Ұлжан Шекеева баяндама жасап, талдау барысында анықталған негізгі тәуекелдер мен оларды болдырмау бағытында қолға алынған шаралар туралы кеңінен ақпарат берді. Баяндамада мемлекеттік қызмет көрсету үдерісіндегі ашықтықтың артуы, құжат айналымы тәртібінің сақталуы, лауазымды тұлғалардың шешім қабылдау кезінде заң нормаларын басшылыққа алуы – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда маңызды фактор екені атап өтілді.
Ұлжан Шекеева жүргізілген ішкі талдаудың нәтижесінде кейбір әкімшілік рәсімдерде әлеуетті тәуекелдердің бар екенін және оларды азайту үшін нақты ұсыныстар әзірленгенін жеткізді. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу, кадрлық өзгерістер, әлеуметтік көмектерді тағайындау секілді бағыттарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін бақылауды күшейту қажет екендігі баса айтылды.
Жиынды қорытындылаған Абдуахат Бакиров мемлекеттік қызметкерлерге заңдылық пен әділеттілік қағидаларын ұстанудың маңыздылығын еске салды. Ол мемлекеттік қызметші әрқашан халық сенімін ақтап, өз лауазымдық міндеттерін адал әрі үлгілі орындауы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудан басшысы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттік органдар жұмысының басты мақсаты екенін айтып, қызметтің тиімділігі мен нәтижелілігіне баса назар аударуды тапсырды.
Бұл жиын – Созақ ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты бір көрінісі. Алдағы уақытта осындай ішкі талдаулар тұрақты жүргізіліп, мемлекеттік қызмет саласында тазалық пен жауапкершілік арта түседі деп күтілуде.
Пікір қалдыру