
Қазіргі таңда еліміздің ертеңі саналатын жас ұрпақтың сапалы білімге ұмтылысы ерекше қуантады. Түркістан қаласы оқушыларының тек ұлттық емес, халықаралық деңгейде де топ жарып жүргені – соның айқын дәлелі. Бұл жетістіктер олардың бойындағы ізденіс рухының, білімге деген құштарлық пен табандылықтың жемісі.
Сол білімге құштар жас буынның жарқын өкілдерінің бірі – Ж.Ташенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Орынтай Сымбат. Жуырда өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6 сынып оқушыларына арналған Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде Сымбат ерекше білімдарлығымен көзге түсіп, қатарластарының алды болып, олимпиада жеңімпазы атанды.
Сымбаттың бұл жеңісі – тек өзі оқитын мектебінің ғана емес, күллі Түркістан қаласы мен облыстың абыройын асқақтатқан зор жетістік. Бұл – үздіксіз еңбектің, табанды дайындық пен жан-жақты қолдаудың нәтижесі. Сымбаттың жеңісі – оның білімге деген шынайы ынтасының, ұстазы мен ата-анасының сенімі мен қолдауының, мектеп ұжымының тынымсыз жұмысының жемісі екені сөзсіз. Әсіресе, пән мұғалімі, тәжірибелі ұстаз Айжан Сейтбекова, сондай-ақ мектеп директоры Жаңыл Жарылқасынқызы бастаған педагогикалық ұжымның еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық.
Білім мен ғылым – кез келген мемлекеттің дамуының басты тірегі. Осы тұрғыда Түркістан қаласының оқушылары тек ел ішіндегі байқауларда ғана емес, әлемдік білім додаларында да топ жарып жүр. Соңғы жылдары қала мектептерінің шәкірттері халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсында жүлделі орындарға ие болып, еліміздің атын әлемге танытып келеді. Бұл – еліміздің білім саласына жасалып жатқан жағдайдың, ұстаздар қауымының кәсіби шеберлігінің және оқушылардың асқақ арманы мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Орынтай Сымбат сынды оқушылар – болашақта ғылым мен технология саласында ел дамуына елеулі үлес қосар көшбасшылар. Олар – жаңа Қазақстанның зияткер ұрпағы. Білім мен инновацияны ұштастырған жаңа формациядағы жастардың қалыптасуы үшін Түркістан қаласындағы білім ошақтарында заман талабына сай барлық жағдай жасалып келеді. Робототехника, ІТ сыныптар, зертханалар, шығармашылық үйірмелер – мұның барлығы оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беруде.
Қазіргі таңда оқушылар тек оқулықпен шектеліп қалмай, халықаралық стандарттарға сай білім алып, бірнеше тілді меңгеріп, өз бетімен зерттеу жүргізуге дағдыланған. Мұндай үрдіс жастардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың шығармашылық және аналитикалық қабілеттерін шыңдай түсуде.
Сымбаттың жеңісі – көптеген жас жеткіншектерге үлгі. Ол өз қатарластарына: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – ойлап қой» деген ұлы Абайдың сөзін іс жүзінде дәлелдеді. Осындай білімге құштар ұрпақтың арқасында ел болашағының жарқын болатынына сеніміміз зор.
Пікір қалдыру