СОЗАҚ АУДАНЫ: СУ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ БАСҚАРУ – ӨҢІР ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Су ресурстарын үнемді әрі ұтымды пайдалану – еліміздің экологиялық және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі бағыттардың бірі. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен экожүйенің өміршеңдігі тікелей су қорына тәуелді аймақтар үшін бұл мәселе аса өзекті. Осыған орай, жуырда Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен Шу өзені суының тиімді пайдаланылуына байланысты жедел жиын өтті.

Аталған жиынға салаға жауапты мамандармен қатар, Шу өзенінің бойында орналасқан ауылдық округтердің әкімдері де қатысты. Кездесудің негізгі тақырыбы – аудан аумағына экологиялық мақсатта бөлінетін су көлемінің тиімді пайдаланылуы және су өткізу жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету болды.

Аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы жиын барысында Шу өзені арқылы аудан аумағына жыл сайын 200 миллион текше метр су жеткізілетінін атап өтті. Бұл көлем – өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту, табиғи экожүйені сақтау және ауыз су тапшылығының алдын алу үшін аса маңызды. Дегенмен, бұл ресурсты тиімді пайдалану үшін су инфрақұрылымының жағдайын жақсарту – басты міндет.

Осы орайда жиын барысында Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Фурманов су торабынан бастау алатын «Фурманов» айналма каналының жай-күйі де жан-жақты қаралды. Ұзындығы 120 шақырымды құрайтын бұл канал Мойынқұм ауданының Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек ауылдарының аумағы арқылы өтіп, Созақ ауданына қарай бағыт алады. Айналма каналдың су өткізу қабілеті секундына 45 м³ болса да, соңғы жылдары оның өткізгіштігі төмендегені байқалады.

Каналдың лаймен толып, су өткізу тиімділігінің әлсіреуі шаруалар үшін қиындық тудырып отыр. Сондықтан аудан әкімінің тапсырмасымен каналды механикалық жолмен тазалау жұмыстары басталатын болды. Бұл жұмыс су тарату жүйесін қалпына келтіріп қана қоймай, егістік алқаптар мен елді мекендердің су тапшылығын жоюға сеп болмақ. Сонымен қатар, жиын барысында қажетті техника мен арнайы жабдықтармен қамтамасыз ету, жұмыс сапасын бақылау және кезең-кезеңімен іске асыру мәселелері де көтерілді.

Мұхит Тұрысбеков бұл жұмыстардың барынша үйлестірілген, жүйелі және уақытылы атқарылуы тиіс екенін баса айтты. Әсіресе, суармалы жерлерді толық қамту үшін әрбір ауылдық округ әкімдігінің белсенді қатысуы маңызды. Канал тазалаудан кейін су көлемінің артуы ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға және табиғи ресурстарды үнемдеуге оң әсер етпек.

Айта кету керек, бұған дейін де «Фурманов» каналын қайта қалпына келтіру үшін қажетті инженерлік және геодезиялық зерттеулер жүргізіліп, нақты жұмыс көлемі анықталған болатын. Жаңа жобалар суды ысырапсыз жеткізуге, экожүйені қалпына келтіруге және өңірлік су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

Жалпы, Созақ ауданы табиғи су көздеріне бай болмаса да, бар ресурсты тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығын дамытуда табандылық танытып келеді. Су – стратегиялық ресурс. Сондықтан оны тиімді басқару – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*