Созақтық жігіттер облыс намысын қорғады

Ақпан айының 23-24 жұлдызы күні Тараз қаласында «Тараз арена» спорт кешенінде грепплингтен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне еліміздің барлық облысынан 17 команда, жалпы 400 тарта спортшы қатысты.

«Қазіргі таңда, елімізде грепплинг қарқынды дамып келеді. Жалпы, осы спорт түрімен балалар, ерлер мен әйелдер шұғылданады, олардың қызығушылығы да жыл санап артып келеді. Жарыстың басты мақсаты грепплинг спортын дамыту, осы спорт түрінен ұлттық құрама командасын құру үшін мықты спортшыларды анықтау және Азия мен Әлем біріншіліктеріне іріктеу»,— деп грепплинг қауымдастығының Президенті Қанат Алин, спортшыларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Қырықбайұлы құттықтау сөз сөйледі.

Халықаралық Федерация белгілеген ережеге сәйкес, әрі салмақ дәрежелері бойынша өзара мықтыны анықтады. Түркістан облысының намысын, Созақ ауданының спортшылары қорғады. Екі күнге созылған байрақты бәсекеде 84 келі салмақта Мыңжасар Алпамыс Қазақстан Республкасы грепплинг күресінен 2 орын алып күміс медальді мойынға тақса, 71 келі салмақта қола медалды еншілеген Болат Жолшыбеков жүлделі 3 орынды иеленді. Тағы бір созақтық палуан Бекмұхаммед Қойшыбай 120 келіде қола медаль алды. Қазақстан Республикасы грепплинг күресінің қола медалін еншілеген Болат Жолшыбеков, қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңіп, көрермен көзайымына айналды. Жартылай финалдық сында Алматылық қарсыласының намысын қорғаған палуанды 15 балл айырмашылығымен мерзімінен бұрын жеңді. «Байрақты жарыс болғандықтан, қарсыластарымды жеңу оңайға соқпады. Әрбір қарсылас алынбайтын қамалдан көрінді. Алайда, тыңғылықты дайындықтың арқасында нәтижелі өнер көрсеттік»,— дейді Болат Жолшыбеков.

«Спортшылар жарысқа аз ғана уақыт дайындалды. Алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз»,— дейді грепплинг шеберлерін, жарысқа бастап барған Қазақстан кубогының иегері жаттықтырушы Қуандық Ерғараев.

Айта кету керек, бұған дейін де созақтық герпплинг шеберлері Қазақстан Республикасы кубогында 2 алтын, 2 қола медаль еншілеп, табысты өнер көрсетіп, Түркістан облысының намысын абыроймен қорғаған болатын.

Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*