ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕН ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамыту, жер ресурстарын тиімді пайдалану және жұмыссыздықты азайту бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде осы мәселелер кеңінен талқыланды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, қала, кент және ауылдық округтердің әкімдерімен қатар, квазимемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Аппарат мәжілісінің күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі – 2025 жылы бюджеттік және жеке инвестициялық жобалар аясында ашылатын жаңа жұмыс орындарына жұмыссыз азаматтар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мүшелерін тарту болды. Бұл мақсатта ауданда нақты шаралар қолға алынған. «Мансап орталығы» КММ директоры Олжас Қаныбековтің мәліметінше, жаңа өндірістік және әлеуметтік жобалар арқылы жүздеген азаматты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бұл ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділікті арттыруға, әсіресе аграрлық сектордағы еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Мәжілісте сөз алған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерқуат Тұрғынбаев аудан аумағында ағын суды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, жерді тиімді әрі заңды игеру, зиянкестерге қарсы күресті күшейту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен сапасын арттыру үшін тамшылатып суару, аспирациялық технологиялар мен заманауи агроинфрақұрылым енгізілуде. Бұл әдістер су тапшылығы мәселесін жеңілдетіп, өнімділікті бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді.

Су тапшылығы мәселесін шешу бойынша «ҚазСуШар» РМК Түркістан облыстық филиалының Жетісай өндірістік бөлімшесінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков баяндама жасады. Ол шаруашылықтарды тіршілік көзімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін су жеткізу жүйелері мен каналдардың техникалық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, аудан бойынша су таратушы құрылғыларды цифрландыру, су шығынын нақты есептеу әдістері енгізілмек.

Жер қатынастары саласына келсек, Ерқуат Тұрғынбаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді әрі заңды пайдалану – басым бағыттардың бірі. Жерді игермей, мақсатсыз пайдаланған тұлғаларға заң шеңберінде шаралар қолданылып жатыр. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарына жер беру процестерінің ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз ету үшін арнайы электронды платформа мен мемлекеттік кадастр жүйелері жаңартылуда. Жерге қатысты дау-дамайлардың алдын алу үшін аудандық деңгейде қоғамдық кеңестер мен мобильді топтар құрылып, ауыл-аймақтарды аралау жұмыстары жалғасуда.

Ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларының есебінен белгілі болғандай, жер ресурстарын заңсыз иелену мен жалға беру, құжатсыз пайдалану, сондай-ақ ретсіз егістік жүргізу секілді келеңсіз жайттар әлі де кездесіп отыр. Бұл мәселелерді жою үшін бақылау күшейтіліп, ауыл шаруашылығы алқаптарының нақты электронды картасы жасақталып жатыр.

Мәжілісте бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясының аудан аумағында жүзеге асырылуы, зиянды жәндіктермен күрес және санитарлық тазалық жұмыстарының барысы қаралды. Асықата кентінің әкімі Нұралы Жолдасбек кентті көркейту-көгалдандыру, рұқсатсыз сауда нүктелері мен заңсыз такси қызметіне қарсы рейдтік шаралардың нәтижелерімен таныстырды.

Сонымен қатар, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мырзабек Абишев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жетісай қаласында салынып жатқан 1500 орындық жаңа мектептің құрылыс барысын баяндады. Жоба аясында оқу орнының инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуі көзделуде.

Аппарат мәжілісінің қорытындысында аудан басшысы Серік Мамытов айтылған ұсыныстар мен сын-ескертпелерді ескеріп, сала жетекшілеріне жер қатынастары, ауыл шаруашылығы және экология салалары бойынша нақты хаттамалық тапсырмалар берді. Олардың орындалуын бақылау аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есенкелді Алданиязовқа жүктелді.

Жетісай ауданы – облыстың аграрлық әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Сондықтан жер мен суды тиімді пайдаланудағы жүйелі жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Бұл бағыттағы бақылау мен ілгерілеу тұрақты түрде жалғасатын болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*