
Жетісай ауданында тұрғындардың әлеуметтік, құқықтық және жерге қатысты мәселелерін шешуге бағытталған маңызды іс-шара өтті. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Жетісай қаласында өткен көшпелі қоғамдық қабылдау — халықпен кері байланысты күшейтіп, елдің өзекті мәселелерін тікелей бетпе-бет отырып шешуге мүмкіндік берген тиімді платформа болды.
Қоғамдық қабылдау «Б.Саттарханов» атындағы спорт кешенінде өтіп, оған аудан тұрғындары ерекше белсенділікпен қатысты. Бұл – ел арасында осындай ашық әрі қолжетімді кездесулерге деген сұраныстың жоғары екенін айғақтайды. Шара партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылып, Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің өзі бастамашылық етті.
Қабылдауға Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясының Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, прокуратура, экология, ауыл шаруашылығы, полиция, салық, банк, нотариат және сот орындаушылары секілді әр сала мамандары қатысты. Бұл – тұрғындарға кең ауқымды, кешенді көмек көрсетудің нақты үлгісі болды.
Қабылдау барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі жер телімдерін бөлу, мақсатты пайдалану, жер актілерін рәсімдеу және ауыл шаруашылығы жерлеріне байланысты құжаттық кедергілерге қатысты болды. Бұл Жетісай ауданында жер қатынастары саласының халық үшін әлі де маңызды және шешімін күтетін мәселе екенін көрсетіп отыр.
Көптеген тұрғындар өздеріне берілген жерлердің заңдастырылмауы, пайдаланылмай жатқан егістік алқаптардың айналымға енгізілмеуі, ортақ жайылым жерлердің нақты шекарасының белгіленбеуі секілді проблемаларды алға тартты. Сондай-ақ, жер телімдері бойынша кадастрлық құжаттардың жаңартылмауы мен электронды форматтағы тіркеу жүйесінде кететін техникалық ақаулар да жиі кездесетін жағдай ретінде сөз болды.
Тұрғындардың бірі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игеру үшін несие ала алмай отырғанын, себебі жер құжаттарында тіркеу мәселелері толық шешілмегенін айтса, енді бірі көп жылдан бері пайдаланып жүрген үй іргесіндегі жерге құқықтық меншік ала алмай жүргенін жеткізді. Бұл өтініштерге тиісті органдардың өкілдері тарапынан нақты кеңестер беріліп, жекелеген жағдайлар бойынша жер инспекциясы мен аудан әкімдігі бірлесіп зерделеу жұмыстарын жүргізуге уәде берді.
«Бүгінде тұрғындар өз мәселесін шешу үшін облыс орталығына сабылмайды. Біз халықтың жанына барып, мәселесін тыңдап, жауапты сала мамандарымен бірге шешім ұсынуға келдік. Халыққа жер мәселесі – нан мәселесі. Сондықтан бұл бағытта ашықтық, әділдік пен тиімділік басты назарда болады», — деді партия филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев.
Көпшілікті мазалаған тағы бір мәселе – жер телімдеріне байланысты туындаған сот процестері мен атқару өндірістері. Бұл мәселелер бойынша арнайы шақыртылған заңгерлер мен жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен нотариустар құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға заң аясында әрекет етудің жолдарын көрсетті.
Көшпелі қабылдау жұмысы тек Жетісай қаласымен шектелмей, түстен кейін Қарақай ауылдық округінде жалғасты. Мұнда да азаматтар ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдалану, жайылымдық жерлерге қол жеткізу, кооперативтер арқылы жерді ортақ игеру мәселелерін көтеріп, тиісті мамандардан нақты жауаптар алды.
«AMANAT» партиясының көшпелі қоғамдық қабылдауы халық пен билік арасындағы байланысты күшейтудің, ашықтық пен қолжетімділікті арттырудың тиімді құралына айналғанын көрсетті. Жетісай ауданы үшін жер қатынастары мен ауыл шаруашылығындағы нақты проблемаларды көзбен көріп, бір жерде талқылау – алдағы шешімдерге бағыт-бағдар беретін маңызды қадам болды.
Пікір қалдыру