СОЗАҚ АУДАНЫНДА ЖЕР РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ ИГЕРУ – ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУДЫҢ БАСТЫ КЕПІЛІ

Созақ ауданының дамуында тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым саласы қарқынды ілгерілеуде. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аудан аумағындағы жер ресурстарын тиімді және мақсатты пайдалануға тікелей байланысты. Жер қатынастары саласындағы оңтайлы жоспарлау мен басқарудың нәтижесінде бүгінде жаңа құрылыс нысандары бой көтеріп, халық игілігіне берілуде.

Аудан орталығы – Шолаққорған ауылындағы Жеткіншек мөлтек ауданында қазіргі таңда жеке инвесторлардың қолдауымен 2 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Әр үйде 8 пәтерден, жалпы 24 пәтер қарастырылған. Сонымен қатар, екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің де құрылысы басталды. Бұл құрылыс жобаларына жер телімдерінің алдын ала заңдастырылып, инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз етілуі құрылыс процесін оңтайландыруға септігін тигізді.

Жергілікті жерді тиімді пайдаланудың тағы бір жарқын мысалы – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның демеушілігімен салынып жатқан 2 қабатты 2 тұрғын үй. Бұл нысандарда жалпы саны 16 пәтер болады. Осылайша, бүгінде аудан орталығында салынып жатқан жаңа тұрғын үйлердің жалпы саны 66 пәтерге жетіп отыр. Бұл – халық санының өсуіне байланысты тұрғын үйге деген сұраныстың артуына дер кезінде берілген нақты жауап.

Жер қатынастары саласындағы жүйелі жоспарлау тек тұрғын үймен шектелмей, әлеуметтік нысандарды салуда да маңызды рөл атқаруда. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің бастамасымен Шолаққорған ауылында заманауи аудандық кітапхана мен 200 орындық «Спорттық-сауықтыру кешені» құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандардың бой көтеруі жер телімдерінің әлеуметтік маңызына қарай дұрыс бөлінуі мен тиімді игерілуінің айғағы. Жергілікті билік тарапынан құрылыс үшін таңдалған учаскелер инфрақұрылымға жақын орналасқан, бұл келешекте халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Достар» стадионы да жер қатынастары саласындағы жоспарлаудың нәтижесі ретінде қарастырылуы тиіс. Жаңартылып жатқан спорт нысанында 450 орындық көрермендер алаңы, жүгіру жолағы және үлкен футбол алаңы қарастырылған. Мұндай кешендердің салынуы елді мекендердегі бос жатқан немесе тиімсіз пайдаланылып келген жер телімдерін қайта жаңғыртып, оларды әлеуметтік маңызы бар жобаларға арнауға жол ашады.

Аудан әкімі мердігерлерге құрылыс сапасы мен жұмыс қарқынын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл – жер телімдерін пайдаланудағы тиімділік пен құрылыс жобаларының уақытылы аяқталуына тікелей әсер ететін факторлар.

Жалпы алғанда, Созақ ауданында жер қатынастары саласын тиімді реттеу, мақсатты пайдалануға беру және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін беріп отыр. Жер – стратегиялық ресурс. Сондықтан оны ұтымды игеру халықтың өмір сапасын жақсарту мен елді мекендердің әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады. Ауылдық жерлерде жер қатынастары саласын дұрыс басқару арқылы тұрғын үймен қатар, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандарын орналастыруға мүмкіндік туып, әлеуметтік инфрақұрылым нығая түседі.

Созақ ауданы алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра отырып, бос және игерілмеген жер телімдерін анықтап, оларды қоғамдық маңызы бар жобалар үшін тиімді пайдалануды көздеуде. Бұл – жер қатынастары саласының дамуымен қатар, аудан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты әрі нәтижелі қадам.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*