СОЗАҚ: АУЫЛІШІЛІК ЖОЛДАРДЫ ЖАҚСАРТУ – ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫН ТИІМДІ БАСҚАРУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ТЕТІГІ

Созақ ауданы аумағында инфрақұрылымды жақсарту, әсіресе ауылішілік жолдарды жаңарту бағытындағы жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл тек тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы мен жер ресурстарын тиімді пайдалануға да оң әсер етуде.

Бүгінгі күнге дейін Құмкент ауылы мен Қызылкөл елді мекенінде жалпы ұзындығы 11,21 шақырымды құрайтын ішкі көшелерге асфальт жабындысы төселді. Сонымен қатар Ақсүмбе, Сарыжаз, Шаға және Раң ауылдарындағы ұзындығы 6,51 шақырым болатын ішкі жолдарға да асфальт төселіп, жергілікті халықтың көлік қатынасы мен ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдау мүмкіндігі жақсара түсті.

Ауылішілік жолдарды дамыту ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға үлкен жеңілдіктер туғызуда. Жер иелері мен шаруа қожалықтары енді алыс жолдарды айналмай, егістік жерлер мен мал жайылымдарына тез әрі қауіпсіз жетуге мүмкіндік алды. Бұл жер ресурстарын ұтымды пайдалануға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге және ауыл экономикасының дамуына себепші болады.

Ауданның өзге ауылдарында да ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биылғы жылы бұл салаға аудандық бюджеттен бөлінген қаражат көлемі екі есеге артқан. Нәтижесінде, ұзындығы 66,4 шақырымды құрайтын ауылішілік көшелерге асфальт жабындысы мен қиыршық тас төсеу жоспарланған. Мұндай ауқымды жұмыстар тек жол инфрақұрылымын жақсартып қоймай, елді мекендердегі жер телімдерінің құнын арттырып, ауылдық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын жоғарылататыны сөзсіз.

Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 14,2 шақырым болатын 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл бастама ауыл тұрғындарына жайлы өмір сүру жағдайын қалыптастырумен қатар, жер учаскелерін тиімді әрі мақсатты пайдалануға серпін береді. Өйткені жол мәселесі шешілсе, бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге деген сұраныс артып, ауылдық жерлерде бизнес ашуға ниетті кәсіпкерлердің саны көбейеді.

Айта кету керек, өткен жылы да осы бағдарлама шеңберінде аудан көлемінде 25 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, барлығы 26,1 шақырым жол жаңғыртылды. Бұған қоса, аудандық бюджет есебінен тағы 18 көшеге, яғни 21,2 шақырым жолға асфальт пен қиыршық тас төселген болатын. Бұл өз кезегінде ауылішілік жер телімдерін игеруге, тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарын салуға қолайлы жағдай туғызды.

Жалпы, ауылішілік жолдарды дамыту жұмыстары жер қатынастары саласындағы бірқатар мәселелерді шешуге ықпал етіп келеді. Жақсы жол – сапалы қызмет, тиімді логистика және әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Сол себепті жол жөндеу мен жер қатынастарын бір-бірінен бөлек қарастыру мүмкін емес. Аудан әкімдігі алдағы уақытта да ауылдық елді мекендерде жолдарды жөндеу жұмыстарын жалғастырып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырумен қатар, жер ресурстарын тиімді пайдалануға бар күшін салмақ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*