ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Бүгінде Түркістан облысы ауылдық аймақтарды дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ауқымды жобаларды іске асырып келеді. Соның бір айғағы – Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округінде қолға алынған жаңа әлеуметтік нысандар құрылысы. Аудан әкімі Арман Абдуллаев жуырда округке арнайы іссапармен барып, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірнеше нысанды аралап, мердігер мекемелермен кездесіп, сапаға ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті.

Атап айтқанда, Мәдениет елді мекенінде бой көтеріп жатқан 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Бұл нысандар тек бос уақытты тиімді өткізуге ғана емес, мәдени және білім ошақтары ретінде де үлкен рөл атқарады. Қазіргі таңда ғимараттың іргетасы қаланып, кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың сапалы әрі мерзімінде аяқталуы — аудан басшылығының басты талабы.

Айта кету керек, бұл нысандардың салынуына себеп болған – 2024 жылы өткен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы. Аталған байқауда Тегісшіл ауылдық округі жүлделі ІІ орынды иеленіп, арнайы қаржы бөлуге мүмкіндік алды. Бюджет есебінен қаралған бұл қаражат ауылдың әлеуетін көтеруге бағытталған нақты істермен көрініс табуда.

Сонымен қатар, аудан әкімінің сапары барысында балалар ойын алаңшасы мен кіші футбол алаңының құрылыс барысы да назардан тыс қалмады. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда бұл нысандарда жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар ауыл балаларының спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына зор мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Сарыағаш ауданының әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуы Түркістан облысының стратегиялық бағыттарының бірі болып отыр. Білім, мәдениет, спорт және әлеуметтік нысандардың салынуы арқылы ауылдардың келбеті жаңарып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып келеді. Бұл бастамалар өңір экономикасының да өсуіне оң әсерін тигізіп, ауыл мен қала арасындағы теңгерімді сақтауға жол ашады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*