
Түлкібас ауданында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Жуырда аудан аумағында орналасқан жаңа тұрғын үйлерден 48 отбасыға пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл — мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік жағынан қолдау, баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асып жатқан нақты істердің жемісі.
Салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтады. Шара барысында аудан басшысы халықты баспанамен, жұмыспен қамту — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік саясаттағы басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бүгінде ауданда тұрғын үй кезегінде 3250-ден астам азамат тіркелсе, соның ішінде бүгін 48 отбасы жаңа пәтерге ие болып отыр. Оның қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар мен жас жанұялар бар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деді аудан әкімі.
Баспанаға ие болған отбасылардың бірі – көпбалалы ана, 7 баланы тәрбиелеп отырған Сұлушаш Нұрымбетова. Ол 2018 жылы үй кезегіне тіркеліп, биыл көптен күткен арманы орындалғанын атап өтті.
– Мемлекетіміздің қолдауы мен балаларымның несібесімен үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Бұл – үлкен қуаныш! Жаңа баспанаға ие болған барлық көршілерімді шын жүректен құттықтаймын. Әлі де үй күтіп жүрген азаматтарға жұғысты болсын деймін, – деді алтын құрсақты ана.
Айта кету керек, биылғы жылдың наурыз айында да «Нұршуақ» шағынауданында 56 жаңа пәтердің кілті кезекте тұрған азаматтарға берілген болатын. Осылайша, жыл басынан бері 104 түлкібастық отбасы жаңа тұрғын үйге қоныстанып отыр. Бұл – ауданның әлеуметтік салада жетіп отырған нақты жетістіктерінің бірі.
Түлкібас ауданында тек тұрғын үй салу емес, сонымен қатар инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандарды көбейту, білім мен денсаулық сақтау мекемелерін жөндеу және жаңарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастамалар аймақтың экономикалық әлеуетімен қатар, әлеуметтік тұрақтылықтың да артуына сеп болып отыр.
Мемлекеттің қолдауы, жергілікті әкімдіктің жүйелі жұмысы мен тұрғындардың сенімі — Түлкібас ауданындағы оң өзгерістердің басты қозғаушы күші болып отыр. Болашақта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, барша тұрғынның өмір сүру сапасы жақсара беретініне сенім мол.
Пікір қалдыру