
Тасты ауылдық округінде ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және ауыл келбетін көркейтуге бағытталған. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков округ тұрғындарымен кездесіп, жүзеге асырылатын жобалар мен алдағы міндеттер туралы кеңінен баяндады. Жиын барысында тұрғындар өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген мәселелерге сала мамандары нақты жауаптар беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ең алдымен, Тасты ауылдық округінде жаңа әкімшілік ғимараттың құрылысы басталды. Бұл – округті басқару сапасын арттырып, тұрғындарға қызмет көрсету жұмысын оңтайландыратын маңызды қадам. Сонымен қатар, ауыл ішіндегі инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған бірқатар ірі жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, А. Бейсенбаев көшесінде жабық футбол алаңының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан – балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы бар жоба.
Сондай-ақ ауылда қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған арнайы полигонның салынуы – қоршаған ортаны қорғау мен санитарлық жағдайды жақсарту жолындағы маңызды бастама. Бұл — Тасты ауылының экологиялық тұрақтылығына бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Тұрғындардың басты қажеттіліктерінің бірі – жол сапасы. Осы бағытта да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, Тастыдан Қылти елді мекеніне дейінгі автомобиль жолының құрылысы толық аяқталмақ. Бұдан бөлек, Сейфуллин, Наурыз, Бауыржан және Амангелді көшелеріне орташа жөндеу, яғни асфальт төсеу жұмыстары жоспарланып отыр. Ал Бейсенбаев, Амангелді және атауы жоқ №1 көшелерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл – ауылішілік қозғалысты жеңілдетіп, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттырады.
Жолмен қатар жарықтандыру да назардан тыс қалмауда. Амангелді, Жібек жолы көшелері мен Қырық Кепе аумағы жарықтандырылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Мәулен ата көпірі ағымдағы жөндеуден өтеді.
Ауылда демалыс пен спортқа арналған нысандар да пайда болмақ. Балалар ойын алаңшасы мен “Street workout” алаңы салынады. Бұл – жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға, балалардың белсенді демалуына мүмкіндік береді. “Мен өз елімді жақсы көремін” атты патриоттық монументтің орнатылуы – ауылға көрік беріп қана қоймай, ұрпақ санасына отансүйгіштік рухын сіңіретін тағылымды жоба.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ауыл шаруашылығына қатысты да сұрақтар көтерілді. Әсіресе, жайылым және шабындық жерлерді тиімді пайдалану, жер беру механизмдеріндегі ашықтық пен әділдік туралы ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі бұл мәселелердің ерекше бақылауда екенін айтып, ауыл шаруашылығына қатысты жер қатынастарын реттеу – халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін жеткізді. Жер мәселелерінің ашық әрі әділ шешілуі – тұрғындардың сенімін арттыратын басты фактор.
Жиын соңында аудан әкімі жеке мәселелерімен келген азаматтарды қабылдап, нақты ұсыныстарын тыңдап, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Бұл – билік пен халық арасындағы ашық байланыстың нақты көрінісі.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Бұл кездесулер – аудан әкімдігінің ауылдарды дамытудағы нақты әрі тыңғылықты жұмыстарының айғағы.
Пікір қалдыру