АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ПЕН КӨРІКТЕНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Созақ ауданының әкімшілік орталығы саналатын Шолаққорған ауылында соңғы жылдары жүйелі түрде жүргізіліп жатқан абаттандыру және құрылыс жұмыстары ауыл келбетін айтарлықтай өзгертуде. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың тікелей бақылауымен жүзеге асып жатқан бұл шаралар елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Жақында аудан әкімі ауыл ішіндегі бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сапар барысында С. Қожанов және Жібек жолы көшелерінде жүргізіліп жатқан жаяу жүргіншілер жолдары, көше жарықтандыру шамдары, жол жиегіне қойылған бордюрлер мен бетоннан құйылған арық (латок) жүйелерінің сапасына ерекше мән берілді. Әкім бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алып, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

С. Қожанов көшесі бойында, Шымкент бағытына қарай кіреберістен «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейінгі аралықта ұзындығы 7 шақырымды құрайтын аумақта екі жақты аяқ жол төселуде. Бұл жоба аясында:

235 жарықшам, 4 аялдама, 60 қоқыс жәшігі мен орындықтар орнатылмақ.

Сонымен қатар, көшенің жалпы келбетін жақсарту мақсатында 352 көше жарықшамын орнату жұмыстары да жүргізілуде.

Жібек жолы көшесі бойынша Түркістан бағытындағы айналма жолдан бастап «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейінгі 6 шақырымдық аумақты қамтитын қос бағыттағы аяқ жол құрылысы жалғасуда. Бұл аймақта:

2,5 шақырым арық жүйесі жаңартылып, Ш. Оқшиев көшесінен айналма жолға дейін ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын велосипед жолы салынып жатыр. Сонымен бірге, заманауи көше жабдықтары – жарықшамдар, орындықтар мен қоқыс жәшіктері де орнатылады.

Абаттандыру жұмыстары тек көшелермен шектеліп жатқан жоқ. Аудан орталығындағы мәдени өмірдің маңызды нысандарының бірі — жаңадан салынып жатқан аудандық кітапхана құрылысы да басты назарда. Бұл мәдени нысан ауыл тұрғындарының рухани өміріне серпін берері анық.

Сапар барысында аудан әкімі Жеткіншек мөлтек ауданында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ демеушілігімен салынып жатқан екі қабатты тұрғын үйлердің құрылысын да көрді. Қазіргі таңда 16 пәтерлік 2 үйдің құрылысы жүріп жатса, тағы да әрқайсысы 8 пәтерден тұратын 3 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Мұндай әлеуметтік нысандар халықты баспанамен қамту мәселесін шешуде үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.

Абаттандыру бағытында жүргізіліп жатқан тағы бір маңызды жоба — «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында егілген көшеттердің күтімі. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың да жүйелі әрі тұрақты жүргізілуін тапсырды. Жасыл желек ауыл экологиясын жақсартып қана қоймай, эстетикалық тұрғыдан да маңызға ие.

Жалпы, соңғы жылдары Созақ ауданында инфрақұрылымдық жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жобалар ауыл-аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп, тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасауда. Жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарының салынуы, көше жарықтарының орнатылуы, қоғамдық орындардың жайластыруы – барлығы тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруды көздейді.

Абаттандыру – тек көріктендіру емес, бұл – өмір сүру сапасын арттырудың нақты тетігі. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса берсе, болашақта Шолаққорған ғана емес, бүкіл Созақ ауданының жаңаша келбетке енетініне сенім мол.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*