
Созақ ауданы – мал шаруашылығына қолайлы өңірлердің бірі. Алайда соңғы жылдары климаттық өзгерістер мен қуаңшылықтың әсерінен жайылымдық жерлердің ахуалы қиындап, бұл жағдай шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Әсіресе тау бөктеріндегі ауылдарда мал жаюға жарамды жер көлемі қысқарып, шөп қорының азаюы байқалуда. Осыған орай аудан әкімдігі тарапынан нақты қадамдар жасалып, мәселені жергілікті жерде зерделеу мақсатында арнайы іссапар ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің бастамасымен өткен бұл сапар – жайылым мәселесін көзбен көріп, нақты шешім қабылдау үшін жасалған маңызды әрекет болды. Аудан басшысы жауапты бөлім басшыларымен, «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Сейдахметұлымен және Шолаққорған ауылдық округінің әкімін ертіп, жайылымдық аймақтарды ат үстінде аралады. Бұл ерекше форматтағы іссапар Шолаққорған ауылынан басталып, Абай ауылына дейінгі аралықты қамтыды.
Сапар барысында аудан әкімі жолай жайылымдық алқаптарды аралап, төрт түлік малдың қазіргі күйін көзбен көріп, шаруалармен тілдесті. Әсіресе, Қарабұлақ ауылы маңындағы Біресек каналындағы су деңгейімен танысу – судың жайылым сапасына әсерін бағалауға мүмкіндік берді. Айта кету керек, су көздерінің тартылуы мен жауын-шашынның аз түсуі – жайылым шөптерінің шығымдылығына тікелей әсер етуде.
Жергілікті тұрғындар мен шаруалар аудан басшысының қабылдауында бұған дейін де болып, мал жаятын жердің жылдағыдан едәуір тозып кеткенін жеткізген еді. Бұл мәселе назардан тыс қалмады. Аудан әкімі сол шағымдардың мән-жайын анықтап, нақты жағдаймен танысу үшін тікелей жайылымдарға баруды жөн көрді. Тек кабинеттен басқармай, мәселені көзбен көру арқылы шешуге бет бұрған бұл бастама ауыл тұрғындарының оң бағасын алды.
Абай ауылына жеткен аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың тұрмыс-тіршілігі мен қысқы жем-шөпке дайындығы туралы сұрады. Тұрғындар қысқы азық қорын дер кезінде дайындағандарын, жем-шөп жеткілікті екенін атап өтті. Сонымен қатар, олар жайылымдық жерлердің шөбі сирегенімен, аудан басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан шараларға ризашылықтарын білдіріп, өздерінің қолдауын білдірді.
Жайылымдық жерлер – мал шаруашылығының негізгі тірегі. Егер жайылым тозып, шөп шықпаса, мал күйі төмендейді, өнімділігі азаяды, ал бұл тікелей халықтың табысына әсер етеді. Сондықтан жайылымды ұтымды пайдалану, оны демалдыру, жерді айналымға енгізу, су көздерін көбейту, мал басын реттеу секілді кешенді жұмыстар атқарылуы қажет.
Аудан әкімдігі осы бағытта бірқатар жоспарлар әзірлеп отыр. Атап айтқанда, тозған жайылымдарды қалпына келтіру, уақытша пайдалануға жарамсыз алқаптарға агротехникалық жұмыстар жүргізу, шабындықтар мен суармалы жайылым көлемін арттыру – алдағы жоспардың басты бағыттары. Сонымен қатар, шаруаларға қажетті техникалық қолдау көрсету, субсидиялау және жем-шөп дайындау жұмыстарына көмек көрсету де күн тәртібінде тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын қолдаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл ретте жайылымдық жер мәселесін шешу – ауылдық аймақтарды тұрақты дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Осыны ескерген Созақ ауданының басшылығы шаруалармен тығыз жұмыс жасап, нақты мәселелерге нақты жауап беріп отыр.
Аудан көлемінде мал басы жыл сайын артып келеді. Соңғы деректерге сәйкес, ауданда 300 мыңнан астам қой-ешкі, 40 мыңнан астам ірі қара және 20 мыңнан аса жылқы бар. Бұл көрсеткіш – мал шаруашылығына деген сұраныстың артып отырғанын көрсетеді. Сондықтан жайылым тапшылығы – уақыт күттірмейтін өзекті мәселе. Аудан әкімдігінің бұл бағытта нақты жұмыстар атқаруы – мал шаруашылығын дамытудың негізгі алғышарты.
Қорыта айтқанда, аудан әкімінің жайылымдарды аралап, жағдайды көзбен көріп, шаруалармен тікелей тілдесуі – билік пен халық арасындағы байланыстың нақты көрінісі. Бұл – кабинеттен шықпай, қағаз жүзінде шешім қабылдаудан гөрі, мәселені шынайы бағалап, тиімді жоспар құруға негіз болады. Ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен қолдау, сенім және келешекке деген үміт. Алдағы уақытта да Созақ ауданының мал шаруашылығы мен жайылымдық инфрақұрылымын жақсарту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілетініне сенім мол.
Пікір қалдыру