СОЗАҚТАҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: ІРІ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ МЕН ЖЕТІСТІГІ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударып, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту мен мал шаруашылығын өркендету мәселесін басты міндет ретінде атап өтті. Ел Президенті атап өткендей, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру үшін тек қаржылық қолдау жеткіліксіз, негізгі мәселе – қаражатты тиімді пайдалану мен агроөнеркәсіптің әлеуетін толық ашу. Мемлекет соңғы жылдары ауыл шаруашылығына тың серпін беру мақсатында бірқатар реформалар жүргізіп, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге бөлінді. Қажетті несиелер уақытында беріліп, агроөнеркәсіптің дамуына айтарлықтай мүмкіндік жасалды.

Созақ ауданы ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды аймақтарының бірі болып саналады. Аудан әкімдігі мен жергілікті басқармалар мал шаруашылығын және етті бағыттағы кәсіптерді қолдауға ерекше көңіл бөледі. Мұхит Тұрысбековтің халықпен есептік кездесулерінде атап өткендей, ауыл шаруашылығын өркендету, әрбір шаруашылықтың өнім өндіру әлеуетін арттыру – ауданның басты басымдықтарының бірі.

Қазіргі таңда Созақта агроөнеркәсіп саласында ірі жобалар жүзеге асырылуда. Аймақтағы шаруашылықтар заманауи технологияларды пайдаланып, өнім сапасын арттыруға бағытталған. Мысалы, «Балтабай» шаруа қожалығы (төрағасы Жұманазаров Тимур) бүгінгі таңда 1 830 бас қой, 937 бас мүйізді ірі қара, 600 бас жылқы және 1 091 бас түйені өсіріп отыр. Бұл – ауданның ірі шаруашылықтарының бірі және өңірдегі мал шаруашылығы саласын дамытудың нақты үлгісі. Аталған шаруашылықтың иесі  Жұманазаров Тимурдың еңбегі – Созақтағы мал шаруашылығын дамытып, ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған. Олардың мақсаты – сапалы ет және сүт өнімдерін өндіру, мал басын көбейту арқылы жергілікті экономиканы қолдау және ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ету. Бұл шаруашылықтың тәжірибесі басқа қожалықтар үшін үлгі болып отыр.

2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Созақтағы шаруа қожалықтарында 15 878 бас мүйізді ірі қара, 130 351 бас қой, 9 568 бас ешкі, 18 463 бас жылқы, 10 380 бас түйе өсірілуде. Аталған деректер аймақтың агроөнеркәсіптік әлеуетінің зор екенін көрсетеді. Ауданда жалпы 1 394 тіркелген агроқұрылым болса, оның 697-сі мал шаруашылығымен айналысады.

Ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – дайын өнімді өңдеп, оны дүкен сөресіне дейін жеткізетін толыққанды жүйе құру. Бұл тек ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырып қана қоймай, жергілікті халықтың табысын көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Осы орайда, Созақ ауданы инвестиция тарту және инновациялық жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытып отыр. Ел ішінде және шетелде инвесторлар қатысатын жобалардың жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады, үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады, ал өнімдер әлемнің көптеген елдеріне экспортталады.

Мемлекет тарапынан қарастырылып отырған жеңілдіктер мен субсидиялар да мал шаруашылығын дамытуға елеулі септігін тигізуде. Бұл шаралар тұрғындардың тұрмысын жақсартып қана қоймай, кәсіпкерліктің дамуына да жол ашады. «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, ауылдағы кәсіпкерлер мен фермерлердің саны жылдан-жылға артуда.

Созақ ауданындағы мал шаруашылығы мен шаруашылықтардың дамуы – тек экономикалық көрсеткіш емес, сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауылдық елді мекендерде тұрақтылық орнатуға бағытталған кешенді жұмыс. Ел Президентінің жолдауында көрсетілгендей, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, озық агроэкономикаға көшу – елдің жалпы дамуы мен ұлттық экономика үшін стратегиялық маңызды міндет болып табылады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*