СОЗАҚТЫҚ ШАРУАЛАР КӨКТЕМГІ ЕГІС НАУҚАНЫН ТАБЫСТЫ АЯҚТАДЫ

Биыл көктемде Созақ ауданының диқандары ауа райының қолайсыздықтарына қарамастан, егіс алқаптарындағы жұмыстарды уақытылы ұйымдастырып, көктемгі дала науқанын нәтижелі аяқтады. Егістік маусымы кезінде аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке шаруа қожалықтары белгіленген жоспарға сай жұмыс істеп, жерді тиімді игеру бағытында нақты қадамдар жасады.

Науқан барысында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жон бойындағы бірнеше егіс алқаптарын аралап, шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Аудан басшысы шаруалармен және ауыл қарияларымен кездесіп, алқаптарды тиімді пайдалану, жердің өнімділігін арттыру және агротехникалық талаптарды сақтау туралы пікір алмасты. Әкімнің айтуынша, қазіргі басты міндет – тек егін егу емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығында ғылыми негізделген тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізу.

Көктемгі дала жұмыстары кезінде «Бабата-1» ЖШС 100 гектар алқапқа бидай, 50 гектар жерге жоңышқа ексе, «Камила» РБР ЖШС 240 гектарға арпа және 50 гектарға жоңышқа дақылдарын септі. Бұл жұмыстар жоспарға сай жүйелі түрде орындалып, егілген алқаптар уақытында суарылып, тиісті агротехникалық шаралар қолға алынды.

Жалпы аудан бойынша көктемгі егістік көлемі 7371 гектарды құрады. Оның ішінде: 370 гектарға бидай, 1438 гектарға арпа, 1100 гектарға мақсары, 760 гектарға жүгері,. Сонымен бірге, 508 гектарға картоп,

503 гектарға көкөніс, 502 гектарға бақша дақылдары және 2190 гектарға жоңышқа егілді.

Бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығындағы өнім өндіру әлеуетінің артқанын және жергілікті шаруалардың маусымдық жұмыстарға жоғары дайындықпен келгенін көрсетеді.

Аудан шаруалары үшін су ресурстарының үнемді әрі дұрыс бөлінуі – ерекше маңызды мәселе. Егістік алқаптардың көп бөлігі суармалы жерлерге тиесілі болғандықтан, аудан әкімдігі мен су шаруашылығы мамандарының бірлескен жұмысы арқылы су жеткізу мәселелері дер кезінде шешімін тапты. Сонымен қатар, фермерлерге тұқым, жанар-жағармай және тыңайтқыш жеткізу бойынша да мемлекеттік қолдау тетіктері тиімді іске асырылды.

Созақ ауданы үшін ауыл шаруашылығы – экономиканың тірегі. Егістік жұмыстарының уақытында аяқталуы, алқаптардың ұтымды игерілуі мен жердің толық пайдаланылуы – аудан халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, аудан бюджетінің кірісін де арттыра түседі. Ендігі міндет – жазғы кезеңде дақылдарды дұрыс күтіп-баптап, күзгі ораққа тыңғылықты дайындалу.

Созақтық диқандардың қажырлы еңбегі мен жерге деген құрметі алдағы уақытта да мол өнімге бастайтынына сенім мол.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*