СОЗАҚТАҒЫ СУ ҚОРЫ: ШУ ӨЗЕНІНІҢ АҒЫСЫН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕСІ КҮН ТӘРТІБІНДЕ

Созақ ауданына соңғы бес жылда алғаш рет рекордтық көлемде — 1 миллиард 380 миллион текше метр су келді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 300 миллион текше метрге артық. Су көлемінің ұлғаюына ең алдымен Тасөткел су қоймасындағы қайта жаңғырту жұмыстары әсер етті. Бұрын сыйымдылығы 450 миллион текше метр болса, қазір бұл көрсеткіш 620 миллионға дейін жетіп отыр. Бұл жаңарту шарасы ауданға қосымша 200 миллион текше метр су жіберуге мүмкіндік берді.

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов арнайы жұмыс сапарымен Созақ ауданына келген кезінде мәлімдеді. Жуантөбе ауылы маңында өткен жиында министр тұрғындармен кездесіп, өңірді сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы кеңінен баяндады.

– «Біздің министрлік Созақ ауданына тұрақты түрде су жеткізуге басымдық беріп отыр. Бұл үшін біз жүйелі әрі нақты жобаларды қолға алдық. Шу өзенінің суын тиімді бөлу мен реттеу арқылы биыл су әдеттегіден бір айға ерте келді. Қазіргі таңда өткен жылмен салыстырғанда 300 миллион текше метрге артық су жіберілді. Мамыр айының соңына дейін секундына 85 текше метр су жіберу жоспарымызда бар», – деді министр.

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, сондай-ақ сала мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты. Кездесу барысында ауыл шаруашылығына қажетті судың тұрақты әрі уақтылы берілуі, су арналарының жағдайы және келешекке арналған жоспарлар сөз болды.

Айта кету керек, су ресурстарының тиімді бөлінуі өңірдің ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға тікелей әсер етеді. Созақ ауданы үшін судың дер кезінде берілуі – егін егу, жайылымдарды суару және мал шаруашылығын дамытуда шешуші рөл атқарады.

Жиында ерекше назар аударылған тағы бір мәселе – Фурманов каналының жағдайы. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша, ұзындығы 120 шақырымды құрайтын бұл айналма каналдың құрылымын қалпына келтіру, тазарту және жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Қажетті құжаттар дайындалу үстінде, ал нақты жұмыстар шілде айында басталмақ. Бұл бастама облыс әкімінің тікелей бақылауында.

Мамандардың айтуынша, Фурманов каналы жөнделсе, қосымша су көздерін тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын анағұрлым өнімді жүргізуге мүмкіндік тумақ. Осы орайда, су үнемдеу технологияларын енгізу, ескі су жүйелерін жаңарту және суарудың инновациялық әдістеріне көшу мәселелері де алдағы күн тәртібінде тұр.

Су – өмірдің өзегі. Осыны терең түсінген созақтықтар су саласын дамытудағы кез келген қадамды зор үмітпен қарсы алуда. Ал мемлекеттік органдардың бұл салаға ерекше көңіл бөлуі – аудандағы шаруашылықтың дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*