
Астана қаласында орналасқан «Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында» қазақ күресінен өткен дәстүрлі ХV республикалық «Қазақстан барысы – 2025» турнирінде Шымкент қаласының намысын қорғаған балуан Марат Байқамұров жеңіске жетіп, алтын белбеу мен «Қазақстан барысы» атағына ие болды.
Бұл дода – қазақ күресінің ең беделді әрі ауқымды турнирлерінің бірі. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген ең мықты балуандар жиналып, ұлттық спорттың абыройын асқақтататын бәсекеде бағын сынайды. Биылғы байрақты бәсекеге де елдің әр өңірінен таңдаулы балуандар қатысып, ел алдында өнер көрсетті.
Шешуші финалдық белдесуде Марат Абай облысының мықтысы Ерасыл Қажыбаевпен кездесіп, шеберлігі мен қайсарлығын танытты. Бұл кездесу – жанкүйерлер тағатсыздана күткен, нағыз тартысты белдесу болды. «Найман» лақап атымен танымал Марат Байқамұров финалда қарсыласына еш мүмкіндік бермей, таза жеңіске қол жеткізді. Бұған дейін де ол бес қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, турнирдің нағыз фавориті екенін дәлелдеген еді.
Айта кетейік, 2024 жылы өткен «Қазақстан барысы» турнирінде дәл осы Ерасыл Қажыбаев финалда шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровты жеңіп кеткен болатын. Ал биыл Шымкент намысын қорғаған Марат Байқамұров өткен жылдың есең қайтарып, өз командасының абыройын асқақтатты.
Бұл жеңіс – тек Марат Байқамұровтың жеке жетістігі ғана емес, Шымкент қаласының спорт тарихындағы айтулы оқиға. Себебі, «Қазақстан барысы» турнирінде алғаш рет Шымкент қаласының балуаны чемпион атанып отыр. Бұл жетістік қаланың қазақ күресі мектебінің қарқынды дамып келе жатқанын, жаттықтырушылар мен спортшылардың үлкен еңбегін айқын көрсетіп отыр.
Марат Байқамұров – тәжірибелі балуан. Ол бұл турнирге бұған дейін екі мәрте қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп келген. Биылғы үшінші қатысуында өзінің шарықтау шегіне жетіп, нағыз чемпион ретінде танылды. Оның бұл жеңісі – көп жылдық еңбектің, үздіксіз дайындық пен спортқа деген шынайы жанкештіліктің нәтижесі.
Қазіргі таңда Мараттың жеңісі тек Шымкент жұртшылығын ғана емес, күллі қазақ спорт сүйер қауымын қуантты. Әлеуметтік желілерде, спорттық порталдарда және ақпарат құралдарында оның жеңісі кеңінен талқыланып, лайықты баға берілуде.
Бұл жеңістен кейін Марат Байқамұровтың есімі қазақ күресінің тарихына алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Ол – жас балуандарға үлгі болатын, қайсар мінезі мен табандылығымен ел есінде қалатын спортшы.
Мараттың жеңісі Шымкент қаласының қазақ күресін дамыту жолындағы жаңа серпін болды. Бұл табысты жалғастырып, алдағы жарыстарда да биіктерден көріну – жергілікті спорт ұйымдарының, жаттықтырушылардың және жас балуандардың басты мақсатына айналуы тиіс.
Пікір қалдыру