
Түркістан қаласындағы жалпы білім беретін мектептерді биыл 3063 оқушы сәтті аяқтады. 11 жыл бойы білім мен тәрбиенің негізін меңгерген жас түлектер үшін бұл күн – үлкен өмірге бастар маңызды қадамның символы. Қала мектептерінде қорытынды емтихандар сәтті өтіп, бүгінгі күні барлық бітірушілерге аттестат табыстау салтанатты шаралары ұйымдастырылды.
Биылғы түлектердің ішінен 178 оқушы – «Алтын белгіге», ал 250 оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер ретінде танылып, қорытынды емтихандар нәтижесінде ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды. Бұл – жылдар бойы тынымсыз еңбектің, үздіксіз ізденістің және ұстаздар мен ата-аналардың ерен еңбегінің жемісі.
Салтанатты іс-шаралар қаланың барлық мектептерінде ұйымдастырылып, ерекше әсерге толы өтті. Соның ішінде Ж.Тәшенов атындағы №23 IT мектеп-лицейі мен «Тұлға» жалпы білім беретін мектебінде өткен жиынға Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы мен әдістемелік кабинет меңгерушісі Айна Қаратайқызы арнайы қатысып, түлектерге жүрекжарды тілектерін арнады.
Білім бөлімінің басшысы өз сөзінде түлектердің әрбірі – еліміздің ертеңі, ал олардың бойындағы білім, тәрбие мен рухани байлық – Тәуелсіз Қазақстанның баянды болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
– Сіздер – ел үміті, ұлттың болашағысыздар. Әрбір «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» – тек марапат емес, ол – үлкен жауапкершілік. Біз сіздердің әрбір жетістігіңіз арқылы Қазақстанның келешегінің жарқын болатынына сенеміз. Енді сіздерге сенім артып, алда үлкен мүмкіндіктердің есігін ашатын кезең басталды. Елге, туған жерге қызмет ететін азамат болуларыңызға тілектеспін, – деді Бақытжан Төлімбет.
Шара барысында үздік оқушыларға аттестаттармен бірге ғылыми жоба, пәндік олимпиадалар және қоғамдық іс-шараларда ерекше көзге түскен түлектерге де арнайы марапаттар табысталды. Бұл – оқушылардың жан-жақты дамып, тек оқуда ғана емес, шығармашылық пен ғылым салаларында да нәтижелі еңбек еткенін көрсетеді.
Салтанатты бөлімнен соң іс-шаралар мерекелік концертке ұласып, мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарына зор қуаныш сыйлады. Ән мен би, естелік бейнероликтер, ұстаздарға арнау сөздер – бәрі де ұмытылмас әсер қалдырды.
Биылғы түлектер – ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басқан, заманауи біліммен қаруланған жас буын. Олар – ертеңгі инженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер мен кәсіпкерлер. Мемлекетіміздің экономикасы мен мәдениетінің дамуына, технологиялық жетістіктерге, ғылым мен инновацияға үлес қосатын – бүгінгі мектеп түлектері.
Сапалы білім, дұрыс бағыт пен табанды еңбек арқылы бұл жас ұрпақ Қазақстанды әлемдік деңгейде таныта алатын әлеуетке ие. Еліміздің жаңаруына, дамуына және өркендеуіне мектеп қабырғасынан шыққан білімді, патриот жастардың қосар үлесі зор болмақ.
Түркістан қаласында аттестат табыстау рәсімі – жас түлектердің өміріндегі маңызды белесті білдіретін салтанатты сәт. Бұл күн – болашаққа нық қадам, үлкен арманның бастауы. Жас түлектерге тек ақ жол, биік белестер мен жарқын болашақ тілейміз!
Пікір қалдыру