
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек баспасөз мәслихатында қала мектептерінде заманауи аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жұмыстары басталғанын хабарлады. Жаңа жүйе білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.
Әкім орынбасарының айтуынша, жоба аясында мектептердегі интернет сапасы жан-жақты сарапталып, бұрын қарастырылған 150 Мбит/сек жылдамдықтың кей мектептерде 20 Мбит/сек ғана екені анықталған. Жаңа кешен интернет жылдамдығын тұрақты бақылап, ақауларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, барлық қауіпсіздік жүйелері бір орталықтандырылған кешенге біріктіріледі. Бұрын әртүрлі компаниялар орнатқан жүйелер енді үйлесімді жұмыс істейді. ҚР заңнамасына сәйкес, 100 адамнан астам шоғырланатын нысандарда бейнебақылау Жедел басқару орталығына қосылуы тиіс. Алайда кей мектептерде бұл талаптар орындалмаған. Жаңа жүйе бұл олқылықтарды жойып, камералар мектептің барлық бөлігін, соның ішінде баспалдақ алаңдары сияқты бұрын қамтылмаған аймақтарды да бақылайды.
Жоба аясында 10 мыңнан астам жаңа бейнебақылау камерасы орнатылады. Қазіргі 2600 ескі аналогтық камера техникалық талаптарға сай емес, сондықтан олар жаңартылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына тікелей қосылады. Камералар жеке тұлғалардың құқығын ескере отырып орнатылады — мысалы, дәретханаларға камера қойылмайды. Ал оқу кабинеттері қоғамдық кеңістік болғандықтан, бақылауға алынады.
Жабдықтар Hikvision зауытының сертификатталған өнімдері болады. Мемлекеттік сатып алу процесі қатаң бақылауда – бұған дейін камера құнының үш есе өсіп кеткені сияқты жағдайлардың алдын алу үшін шаралар қабылданған.
Жобаны іске асырушы компания 4,5 млрд теңге инвестиция салады. Жалпы жоба құны – 5,5 млрд теңге, ол үш жыл ішінде сервистік қызмет ретінде төленеді. Келісімшарт бойынша компания төртінші жылы тегін қызмет көрсетіп, бес жылға кепілдік береді.
Жүйе іске қосылған соң, оқу үдерісі – мұғалімнен бастап, мектеп директоры, Білім басқармасына дейін онлайн бақыланады. Бұл оқу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Болашақта ата-аналарға да «Kundelik.kz» платформасы арқылы баласының сабаққа қатысуы мен үлгерімін бақылау мүмкіндігі берілуі мүмкін.
Сәрсен Құранбек бұл жоба білім сапасын арттыруға, тәртіпті күшейтуге және басқару тиімділігін жоғарылатуға бағытталғанын айтты. Жобаның жүзеге асуы жергілікті билік пен құзырлы органдардың бақылауында болады.
Пікір қалдыру