
Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл маңызды іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған байқаудың маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты жиында Сәрсен Абайұлы ұлттық тәрбиенің негізі болып табылатын дәстүрлі отбасының қоғамдағы орны мен рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазақ қоғамында әкенің беделі, ананың орны, қыз-келіннің тәрбиесі ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтар жүйесінің өзегі болып табылады. Бұл байқау сол жүйені сақтап, жас ұрпаққа жеткізудің нақты жолы.
– Мерейлі отбасы – бұл елдің тірегі. Біздің қоғамда отбасының мызғымас бірлігі, үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекке баулу сынды ұстанымдар ерекше мәнге ие. Мұндай байқаулар арқылы сол құндылықтар дәріптеліп, көпке үлгі болатын әулеттердің өмірі кеңінен таныстырылады, – деді қала әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, Сәрсен Құранбек алдағы уақытта байқаудың өткен жылдардағы жеңімпаздары туралы арнайы кітап жарық көретінін де жеткізді. Бұл жинақта отбасылық құндылықтарды дәріптеп жүрген азаматтардың өмір жолы, еңбек жолындағы жетістіктері мен өнегелі істері баяндалмақ.
Іс-шара барысында Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ақбота Бекхожақызы биылғы байқаудың ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылғы байқауда еңбек династияларына басымдық берілген.
– Өтінім қабылдау кезеңі 15 мамыр мен 15 маусым аралығында өтті. Биылғы жылы 150-ден астам отбасы байқауға қатысуға ниет білдіріп, өз өтініштерін жолдады. Іріктеу кезеңдері аудан деңгейінде әділ әрі жүйелі түрде өткізілді. Қалалық кезеңге 20 отбасы өтті. Олар бірнеше критерий бойынша бағаланды: отбасының қоғамға қосқан үлесі, балалардың білім мен спорттағы жетістіктері, еңбек дәстүрін сақтау, ұрпақтар сабақтастығы, – деді Ақбота Бекхожақызы.
Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған отбасылар қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталып, барлығына заманауи теледидарлар сыйға берілді. Ал бас жүлдеге Әл-Фараби ауданынан қатысқан теміржолшылар әулеті — Нұртаевтар ие болды. Олар 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болып, 12 қыркүйекте Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Нұртаевтар отбасы бірнеше буын теміржолшылардан құралған. Олар жылдар бойы адал еңбекпен елге қызмет етіп келеді. Бұл отбасының мүшелері еңбекқорлығымен, бірлігімен және қоғамға қосқан үлесімен көпке үлгі болып отыр.
Марапаттау рәсімі көтеріңкі көңіл-күйде өтті. Қатысушылар байқау арқылы отбасылық байланыстардың нығая түскенін, балалардың ата-анасының еңбегіне құрметпен қарай бастағанын және қоғамдағы отбасының орнына жаңа көзқараспен қарай бастағандарын атап өтті.
Қорытындылай келе, «Мерейлі отбасы» байқауы — ұлттың рухани өзегін сақтау жолындағы маңызды жоба. Ол ел ішінде үлгілі отбасыларды насихаттап, жастарға өнеге болатын нақты өмірлік мысалдарды көрсетеді. Шымкент қаласы бұл байқауға жыл сайын үлкен дайындықпен қатысып, отбасылық құндылықтарды нығайту жолындағы игі бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп келеді.
Пікір қалдыру