
Шымкент қаласында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсатта қала аумағында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Таза қала» жалпы қалалық акциясы — экологиялық тәрбие мен санитарлық тазалықты күшейтуге бағытталған маңызды шаралардың бірі.
Аталған акция биыл да ауқымды көлемде ұйымдастырылып, барлық аудандарды қамтыды. Қаланың әрбір бұрышында тазалық жұмыстары жүргізіліп, қаланың санитарлық жағдайын жақсарту және көріктендіру бойынша нақты істер атқарылды. Іс-шараға қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері, аудан әкімдіктері, коммуналдық қызмет өкілдері, тұрғындар мен еріктілер белсене қатысты. Бұл – қоғам мен билік арасындағы бірлескен әрекеттің нақты нәтижесі.
Аудан аумағында өткізілген тазалық жұмыстарына 335 адам мен 22 арнайы техника жұмылдырылды. Жұмыстар барысында қураған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, шөп шабу, қоқыс алаңшаларын жуу, жолдар мен аяқжолдарды тазалау сынды шаралар атқарылды. Нәтижесінде 27 тонна қатты тұрмыстық қалдық сыртқа шығарылды.
Бұл ауданда экологиялық тазалыққа ерекше назар аударылып, 426 адам мен 36 арнайы техника іске қосылды. Жасыл желектерді күтіп-баптау, қураған ағаштар мен бұталарды кесу, көше бойын, аулаларды және қоғамдық орындарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Жұмыс нәтижесінде 18,3 тонна қоқыс шығарылды.
Абай ауданында санитарлық тазалық шараларына 400-ге жуық адам және 15 техника жұмылдырылды. Аудан аумағында қураған ағаштар мен бұтақтарды кесу, шөп шабу, аулалар мен көше бойындағы қоқыстарды жинау, аяқжолдарды жуу жұмыстары жүргізіліп, 42 тонна қоқыс арнайы орындарға тасымалданды.
Акция барысында әр аудан бойынша тек негізгі көшелер ғана емес, ішкі орамдар, аулалар, қоғамдық орындар мен бос жатқан жер телімдері де тазаланды. Қоқыс алаңшалары ретке келтіріліп, оларды жуу және залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жол жиектері мен жаяу жүргіншілер жолдары да мұқият тазаланды.
Тазалық жұмыстары жасыл желектерді күтіп-баптаумен де ұштасып отыр. Қаланың барлық ауданында ағаштардың бұтақтары қырқылып, шөп шабылды, саябақтар мен гүлзарлардағы өсімдіктерге күтім жасалды. Мұндай шаралар қаланың жалпы экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға жол ашады.
«Таза қала» акциясының басты мақсаты – тек қоқыс жинау мен тазалау ғана емес, ең алдымен тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Қаланың таза болуы – әкімдік пен коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Осы орайда акцияға тұрғындардың белсенді қатысуы — бұл бастаманың қоғам тарапынан қолдау тауып жатқанын көрсетеді.
Қаланың тазалығы — оның көркі мен дамуының көрсеткіші. Шымкент қаласында жыл бойы тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Апталық сенбіліктер, маусымдық абаттандыру шаралары, қоқыс алаңдарын жаңғырту, көшелер мен арық-атыздарды күтіп ұстау — барлығы қала көркін арттырып, тұрғындарға жайлы өмір сүру жағдайын жасауға бағытталған.
Шымкент қаласының әкімдігі алдағы уақытта да экологиялық мәдениетті нығайту, санитарлық жағдайды жақсарту және тұрғындармен тығыз жұмыс жүргізу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек. Бұл – тек бүгінгі күннің емес, келер ұрпақтың болашағы үшін маңызды қадам.
Пікір қалдыру