
2025 жылғы 6 қазанда Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) ХІІ саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым аясындағы интеграцияны тереңдетуге бағытталған маңызды бастамаларды ұсынды. Саммитке мүше мемлекеттер мен бақылаушы елдердің басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, түркі әлемінің даму болашағы, өзара іс-қимыл мен аймақтық тұрақтылық мәселелерін талқылады.
Президент Тоқаев саммиттегі сөзінің басында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ерекше қонақжайлығы мен жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара үшін алғыс білдірді. Ол бүгінгі басқосудың маңыздылығына тоқталып, оның күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігін атап өтті.
– Түбі бір түркі жұртының тарихы – тамырлас. Халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар. Мұның бәрі – берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымағымыздың алтын арқауы. Жақында елдеріміз «Түркі халықтарының ынтымақтастық күнін» атап өтті. Бұл – бірлігімізді бекемдей түсетін маңызды мереке, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының беделі жылдан жылға артып келе жатқанын атап өтті. Ол ұйымның аймақтық ғана емес, халықаралық деңгейде де салмағы бар құрылымға айналғанын айтты. Қазақстан Президенті ұйымға төрағалық еткен Қырғыз Республикасына ризашылығын білдіріп, ендігі кезекте төрағалықты Әзербайжанның қабылдап алуы ұйым жұмысына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта жаһандық қауіпсіздік жүйесі сын-қатерлерге толы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты. Әлемдегі қақтығыстар мен геосаяси шиеленістер кез келген мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін қауіпті үрдіске айналып отыр.
– Осындай алмағайып заманда 30 жылдан астам уақыт бойы шешімін таппаған шиеленіске қатысты Әзербайжан мен Арменияның Бейбітшілік декларациясына қол қойғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жол ашатын тарихи мәміле болды, – деді Президент Тоқаев.
Ол сондай-ақ қазіргі геосаяси жағдайда түркі мемлекеттері ортақ мүдде жолында күш біріктіруі тиіс екенін баса айтты. Түркі елдері экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларында өзара ынтымақтастықты тереңдету арқылы жаһандық сын-қатерлерге лайықты жауап бере алатынын жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ерекше мәнге ие бастамалардың бірі ретінде «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын ұсынды. Бұл формат ұйымға мүше емес, бірақ түркі әлемімен тығыз қарым-қатынас орнатуға ниетті елдер мен серіктес ұйымдардың қатысуына мүмкіндік береді.
– Бірқатар ел біздің Ұйымға ерекше қызығушылық танытуда. Бұл ретте Қазақстан ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды. Осы бастама біздің Ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашатыны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, бұл форматтың аясында сауда, инвестиция, көлік-логистика, жасыл экономика, цифрлық технологиялар және білім беру салаларындағы жаңа жобалар мен серіктестік тетіктерін іске асыру мүмкіндігі туады.
Президент Тоқаевтың бұл баяндамасы Қазақстанның түркі интеграциясына деген берік ұстанымын тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның ұсынған бастамалары Түркі мемлекеттері ұйымының әрі қарайғы институционалдық дамуына, оның халықаралық аренадағы беделін арттыруға және мүше елдердің бірлігін нығайтуға бағытталған. «ТМҰ+» форматы – болашаққа бастар маңызды қадам және түркі әлемінің жаһандық процестердегі рөлін жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық бастама ретінде бағалануда.
Пікір қалдыру