
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөз сөйлеп, түркі әлемі елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, экономикалық ықпалдастықты тереңдету және көлік-логистика саласындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеру мәселелерін басты назарға алды. Мемлекет басшысы 2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму тұжырымдамасын толығымен іске асыру қажеттігін атап өтті.
Президенттің айтуынша, түркі мемлекеттері арасындағы өзара сенім мен ортақ мүдде негізінде құрылған ұйым аясында нақты жобалар мен стратегиялық бастамаларды жүзеге асыруға бар күш салу қажет. Ол бұл саммиттің басты мақсаты – ортақ жоспарды нақты әрекеттермен толықтырып, оны тиімді іске асыруға жағдай жасау екенін айтты.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық қатынастарды нығайтудың маңызды құралы ретінде Түркі инвестициялық қорының жұмысын ерекше атап өтті. Бұл қор аймақ елдері арасындағы бірлескен жобаларды қаржыландыруда басты құралға айналуы тиіс.
– Қатысушы елдердің әрқайсысының өзіндік артықшылықтары мен тәжірибелері бар. Соған қарамастан, ортақ мүдде жолында бірігіп жұмыс істеу – аса маңызды. Түркі инвестициялық қоры арқылы бірлескен жобаларды қаржыландыру, экономиканы әртараптандыру және ортақ нарық қалыптастыруда нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Биыл Түркістанда экономика және сауда министрлерінің кездесуі өтеді. Сол кезде аталған Қор қаржыландыратын жобалардың нақты тізімін дайындау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына да тоқталып, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуетін жоғары бағалады. Ол алдағы жылы Қазақстанның осы палатаға төрағалық ететінін еске салып, нақты жобаларға басымдық беретін Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын қабылдауды ұсынды. Бұл бағдарлама елдердің өндірістік әлеуетін біріктіріп, өзара технологиялық алмасу мен инновациялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Көлік және логистика – экономикалық өсімнің күретамыры. Президент бұл бағыттағы бастамаларды түркі мемлекеттерінің дамуы үшін шешуші фактор деп атады. Қазақстан бүгінде Еуразия кеңістігіндегі маңызды көлік дәліздерінің бірі болып отыр. Ел аумағы арқылы өтетін бес халықаралық теміржол дәлізі – Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын стратегиялық бағыттар.
– Жақында біз «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қостық. Бұл жоба ТрансҚазақстан дәлізін дамытудың жаңа кезеңін бастайды. Нәтижесінде жүк тасымалының көлемі 5 есеге дейін артады. Қазір тағы екі теміржол бағыты салынуда. Мұның бәрі аймақтық логистиканы жетілдіруге ықпал етеді, – деді Президент.
Сонымен қатар, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (Орта дәліз) – түркі елдері үшін ерекше маңызға ие. Соңғы бес жылда бұл бағыт арқылы жүк тасымалы көлемі алты есе өскен. Бұл – бағыттың тиімділігі мен қажеттілігінің айқын дәлелі.
Алматыда өткен көлік министрлерінің кездесуінде Орта дәлізді одан әрі дамытуға байланысты бірқатар нақты келісімдерге қол жеткізілді. Мемлекет басшысы осы жол бойындағы әуе хабтары, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын жаңғыртуда бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.
Қазіргі уақытта көлік-транзит жүйесін цифрландыру мәселесі ерекше өзектілікке ие болып отыр. Осыған орай Президент жасанды интеллект технологияларын енгізудің маңызын айтты. Ол Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Цифрлық мониторинг орталығын құру туралы ұсыныс білдірді.
– Бізге беделді сарапшыларды тарта отырып, көлік және логистика бағытындағы барлық мәліметтерді жедел бақылауға мүмкіндік беретін заманауи орталық қажет. Бұл бастама процестердің тиімділігін арттырып, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде айтылған бастамалар мен ұсыныстар – тек ауызбіршіліктің емес, нақты экономикалық интеграцияның да айғағы. Президент Тоқаевтың бұл бастамалары түркі әлемінің болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Ортақ тарих пен мәдениетпен қатар, енді ортақ мүдделер, ортақ жобалар мен ортақ мақсаттар да түркі елдерін біріктіре түсетіні сөзсіз. 2040 жылға дейінгі даму бағдарламасын сәтті жүзеге асыру – түркі әлемінің жаһандық аренадағы орнын айқындайтын маңызды белес болмақ.
Пікір қалдыру