Шымкент қаласында мемлекеттік тілді жетік меңгерген түрлі этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқау өтті. Аталған іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырды. Байқауға еліміздің әр өңірінен келген қатысушылар жиналып, мемлекеттік тілге деген құрметін, білімін және тілдік мәдениетін ортаға салды.
Байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеріп, оны күнделікті өмірде, қызметте және қоғамдық ортада еркін қолдана алатын этнос өкілдері арасынан ең үздіктерді анықтау. Сонымен қатар, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және елдегі этносаралық татулық пен бірлікті нығайту да шараның маңызды бағыттарының бірі болды. Бұл байқау мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін күшейтіп қана қоймай, түрлі ұлт өкілдерінің тіл үйренуге деген ынтасын арттыруға зор ықпал етті.
Республиканың түкпір-түкпірінен іріктеліп келген қатысушылар қазақша дұрыс сөйлеу, көркем ой жеткізу, мәтінді мәнерлеп оқу, сахналық тапсырмалар орындау секілді бірнеше кезең бойынша өзара бақ сынасты. Олар қазақ тілін меңгерудегі жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, қазақ мәдениеті мен дәстүріне деген құрметін де танытты.
Байқауда ерекше көзге түскендердің қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері болды. Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Илгар Ахметов қазылар алқасының жоғары бағасын алып, бірінші орынды иеленді. Ол 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды.
— Бұл байқауға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Қазақ тілін меңгеру – тек білім мен тілдік дағды емес, ол халқымыздың тарихына, рухани құндылықтарына, мәдениетіне деген құрмет деп түсінемін. Мемлекеттік тілді үйрену арқылы мен өз елімнің толыққанды азаматы екенімді сезінемін, — деді Илгар Ахметов.
Сондай-ақ, Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, лейтенант Александр Сон екінші орынға ие болып, 150 000 теңге көлемінде марапатқа қол жеткізді. Ол да қазақ тіліне деген құрмет пен қызығушылықтың қызмет барысында ғана емес, жеке өмірде де маңызды екенін атап өтті.
Ұландық сарбаздардың табысы – мемлекеттік тілге деген шынайы ықыластың, елге қызмет ету жолындағы адалдықтың және ұлт бірлігін нығайтуға деген талпыныстың жарқын көрінісі. Олардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасы мен ұмтылысы тілдің қоғамды біріктіретін құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Бұл жеңіс жастар үшін де, өзге этнос өкілдері үшін де үлкен үлгі болары сөзсіз.
Пікір қалдыру