84 ПАЙЫЗ ӨЗГЕРІС: ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент университетінде Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясын түсіндіруге арналған тағылымды жиын өтті. Басқосуға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, мазмұнды баяндама жасады. Жиынды университет ректоры Нұрлыбек Сейтқұлов жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Жаңа Конституцияның мазмұны мен маңызын саралау, оның қоғам дамуындағы рөлін түсіндіру. Жиынға профессор-оқытушылар құрамы, құқық қорғау органдарының өкілдері мен студент жастар қатысты.
Университеттің аға оқытушысы, құқықтанушы Ермек Төленұлы Бекбосынов өз сөзінде Жаңа Конституцияның 3-бабына ерекше тоқталып, адами капиталды дамыту мәселесін көтерді. Оның айтуынша, адами капитал – тек кәсіби біліктілік емес, ең алдымен адамгершілік пен ізгілік қасиеттердің жиынтығы.
– Жақсы маман болу жеткіліксіз, ең бастысы – жақсы адам болу. Ғалым болып жүріп залым болуға болмайды. Конституция – құқықтық нормалар жиынтығы ғана емес, ол – рухани бағдар, – деді ол.
Сондай-ақ спикер Жаңа Ата Заңның 8-бабында егемендік пен тәуелсіздікті қорғауға басымдық берілуі – уақыт талабы екенін атап өтті. Мемлекеттің тұтастығы мен дербестігін сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екені айтылды.
Тарихшы, ғалым Мұхан Орынбаев алдағы 15 наурызда өтетін референдумның маңыздылығына тоқталып, Конституциялық реформаның жаңашылдығын түсіндірді. Оның айтуынша, Жаңа Конституцияда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгерістер қарастырылған.
Жиында сөз алған Шымкент қаласы прокуратурасы өкілінің көмекшісі Нариман Базарбаев Жаңа Конституцияда адам құқықтарының қорғалуы нақты айқындалғанын жеткізді.
Студенттер де өз пікірлерін білдіріп, Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері нақтыланғанын атап өтті. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өз сөзінде:
– Егер Конституцияға 50 пайыздан астам өзгеріс енгізілсе, ол жаңа Конституция болып саналады. Қазіргі редакцияға 84 пайыз өзгеріс енгізіліп отыр. Бұл – қоғамды дамыту мен жаңғыртуға бағытталған қадам, – деді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*