«АБАЙ ӘЛЕМІ»: ШЫМКЕНТТЕ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҒА СЕРПІН БЕРГЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

Шымкент қаласында қазақ руханиятының биік шыңы – Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Абай әлемі» атты республикалық байқау табысты түрде өз мәресіне жетті. Ұлы ақынның өмірі мен мұрасын кеңінен дәріптеуді мақсат еткен бұл байқау бұған дейін қалалық деңгейде екі мәрте өткізілген болса, биыл алғаш рет республикалық сипат алып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерлі жастар мен азаматтарды бір сахнаға тоғыстырды.

Байқау Абай Құнанбайұлының шығармашылығына деген сүйіспеншілікті арттыру, жас ұрпақты даналық пен руханияттың қайнар көзіне терең бойлатуға бағытталды. Екі кезеңнен тұрған сайысқа барлығы 117 үміткер қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, әскери сала қызметкерлері мен еріктілер де болды. Қатысушылардың жоғары деңгейдегі дайындықтары, сахна мәдениетін меңгеруі, Абай шығармаларына терең бойлай білгені көрермен мен қазылар алқасының оң бағасын алды.

Байқау барысында үміткерлер Абайдың өлеңдерін жатқа айтып, қара сөздерінен үзінділерді әсерлі жеткізіп, көркем сөз оқу шеберліктерін паш етті. Әрбір қатысушы сахна төрінен ұлы ойшылдың парасатты пайымын, ұлттық болмысқа деген көзқарасын, адамгершілік пен рухани биік құндылықтарын көрерменге жеткізуге тырысты. Сөз өнерін қадірлеген Абайдың шығармалары байқау барысында түрлі қырынан танылып, көпшілікке рухани серпіліс сыйлады.

Байқаудың ең жоғары жүлдесі – Бас жүлде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының №6506 әскери бөлімінде қызмет ететін офицер, лейтенант Бекжан Мәлікке бұйырды. Ол Абай шығармашылығын жан-жақты меңгеріп, көркем тілмен, сахналық шеберлікпен жеткізе білді. Оның өнері тек қазылар алқасының ғана емес, көрермендердің де ыстық ықыласына бөленді. Бас жүлде иегері 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Байқау жеңімпаздарының қатарында тағы бір әскери қызметкер – қатардағы жауынгер Жұлдызбек Ромашев III орынды иеленіп, 300 мың теңге ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Оның Абай өлеңдерін мәнерлеп оқуы мен көркем сөзге деген құрметі жоғары бағаланды.

Сондай-ақ, байқауға ерекше дайындықпен келген қатардағы жауынгер Қанат Мадихан мен Бақытжан Артықбай белсенді қатысқандары үшін алғыс хаттармен және 150 мың теңгеден ақшалай марапатпен марапатталды. Олардың өнерге деген қызығушылығы мен Абай мұрасына құрметі өзгелерге үлгі боларлықтай деңгейде болды.

Бұл байқаудың ерекшелігі – оның рухани әрі тәрбиелік мәнінде. Абай Құнанбайұлының шығармалары арқылы жастардың ой-санасын оятып, ұлттық болмысқа деген көзқарасын қалыптастыру – басты мақсаттардың бірі болды. Абай мұрасының терең мазмұны мен тәрбиелік күші осы байқауда айқын көрініс тапты. Қатысушылардың барлығы өз деңгейінде Абай сөзін жүрекпен сезінуге және көрерменге жеткізуге тырысты.

Іс-шара аясында мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, Абай өмірінен сыр шертетін көрмелер, кітап көрмесі, шеберлік сағаттары мен әдеби викториналар өткізілді. Бұл – қатысушылар мен көрермендердің ақын мұрасына деген қызығушылығын арттырып, әдеби орта қалыптастыруға жол ашты.

«Абай әлемі» байқауы – тек сайыс қана емес, бұл – ұлттық рухты көтеретін, әдебиетке деген құрметті арттыратын, жастардың таным көкжиегін кеңейтетін үлкен мәдени жоба. Осындай рухани кештер арқылы ұлы Абайдың мұрасы жас ұрпақтың жүрегіне жол тауып, ұлттық сананы жаңғыртуға үлес қосып келеді.

Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген өнегелі сөзі бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл байқау арқылы тыңдаушы да, қатысушы да өз ішкі әлеміне үңіліп, рухани кемелдікке ұмтылды.

Болашақта бұл бастама дәстүрге айналып, еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жастардың басын қосатын рухани алаң болатынына сенім мол. «Абай әлемі» — бүгінгі ұрпақ үшін өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпір.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*