Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтарал ауданындағы төтенше жағдайға байланысты жасаған мәлімдемесі.
2020 жылды 1-мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы «Сордаба» су қоймасы бұзылып, Мақтаарал ауданындағы «ЦГК» каналына 300 миллион текше метр су келіп құйылған. Соның салдарынан Мақтаарал ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай қалыптасып отыр.
Өзбекстан республикасының Су шаруашылығы министрі Хамраевтың берген ресми мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда «Сордаба» қоймасынан су жіберу жұмыстары толық тоқтатылған. Дегенмен түнімен аққан сарқырама су «ЦГК» каналына жиналды. Аталған каналдың су жіберу қуаттылығы секундына 120 текше метр. Бірақ каналға түнімен секундына 180 текше метр су ағып келген. Осыны ескерген облыстық төтенше жағдай жөніндегі тиісті қызметтер Мақтаарал ауданындағы 4 елді мекеннен 5400 адамды эвакуациялауға мәжбүр болды. Бірқатар тұрғындар өз көліктерімен туған туыстарына жайғасса, қалғандары эвакуация барысында Атакент кентіндегі мектептерге жайғастырылды. Эвакуацияланған тұрғындар былтырғы Арыстың тәжірибесіне сәйкес тиісті медициналық қызмет, азық-түлік секілді барлық заттармен қамтамасыз етілетін болады.
«Қазір енді Өзбекстан министрінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, су басқан өңірдің барлығын қайтадан аралап, көріп шығамыз. Егер де, тағы су басу қауіптері болмайтын жағдайда ондағы барлық тұрғын үйлер полициямен қорғалатын болады. Әзірге тұрғындардың малдары қауіпті аймақтан түгел шығарылды. Ешқандай шығын жоқ. Енді тұрғындардың үйлері, мүліктерінің бәрі күзетілетін болады. Егер де судың деңгейі әлі де көтерілетін болса, Мақтаарал ауданындағы тағы да қосымша 4 елді мекенді эвакуациялайтын боламыз. Ол Нұрлыжол, Фирдауси, Жантақсай, Жайлыбаев елдімекендері. Аталған әр елдімекенде төтенше жағдайды тұрақтандыру үшін жақын арадағы аудандардың күштері жұмылдырылды. Айталық, Нұрлыжол елді мекеніне Шардара ауданының әкімдігі, Фердауси, Жантақсай ауылдарына Келес ауданы, Т. Жайлыбаев ауылына Сарыағаш ауданы жауапты болып бекітілді. Сондықтан менің айтатыным, тұрғындарға дүрлігіп, көшеге шығып, дүрбелең жасап, жолға шығудың қажеті жоқ. Барлығы ұйымдасқан түрде реттеліп, өз қалпына келеді.
Бұл жергілікті масштабтағы төтенше жағдай. Сондықтан бұл жерде Арыстағы тәжірибеге сай алгоритмде жұмыс істейтін боламыз. Бәрі ұйымдасқан түрде реттеледі, қалпына келеді. Бұл төтенше жағдайды игеруге облыстың толық мүмкіншілігі бар.
Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі
Пікір қалдыру