Шымкент: Бүгінгінің батыры — дәрігер Мұрат

Әлемдік пандемияға байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай кезеңінде күні-түні азаматтардың денсаулығы үшін ерінбей еңбектеніп жүрген дәрігерлердің бірі Мұрат Майлыбекұлы. 13 жылдан бері ақ халатты абзал жан атанған Мұрат Майлыбекұлы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясының түлегі. Еңбек жолын 2007 жылы Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігер-инфекционист ретінде бастаған.

2016 жылдан бері Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында бөлім меңгерушісі лауазымын атқарып жүрген М.Майлыбекұлы елімізге төтенше жағдай енгізілгелі жұқпалы аурулар ауруханасы «COVID» госпиталының басшысы қызметінде.

Бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус салдарынан медицина мамандарына аса үлкен жүк артылғанын айтқан дәрігер:

– Біздің міндет – вирус жұқтырған науқастарды емдеу. Бүгінге дейін Шымкентте медицина мамандарының көмегімен 135 пациент коронавирустан сауығып шықты. Науқастардың жағдайы 24 сағат бақылауда, дейді.

Өз сөзінде М.Майлыбекұлы коронавируспен күрестің алдыңғы сапында жүрген медицина мамандарының еңбегін ескеріп, қосымша төлемақы белгілеген Мемлекет басшысына алғысын білдірді.

– Елімізде індетпен күрестің бел ортасында жүрген медицина мамандарына жалақыларынан бөлек қосымша төлемақы төленді. Сол үшін алғыс айтамын. Ең бастысы – ауруханада дәрі-дәрмек қоры мен медицина мамандарының жеке басты сақтандыру құралдары жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда дерт жұқтырған азаматтарға емдеу шараларын жүргізуге лайықты жағдай бар, дейді.

Соңғы бір жарым айдан бері ата-анасын, жарын, 4 ұл-қызын көрмеген дәрігер:

– Қалалық әкімдік медицина мамандары мен олардың отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі үшін біз сияқты мамандарды уақытша бөлек жатақхана мен қонақүйге орналастырды. Онда жағдайымыз жаман емес. Бірақ үйдегі бала-шағаны сағындық. Алла қаласа, індетті ауыздықтап, толыққанды тежей алсақ, бірінші кезекте отбасымызға барамыз, дейді елу күнге жуық үйіне бармаған шымкенттік дәрігер Мұрат Ибишев.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*