Шымкент қаласында жүріп жатқан жол жөндеу жұмыстары барысында тұрғындардың өтініштері мен шағымдары ескерілді. Қаладағы бірқатар жолдар мен көпірлердің жөндеу жұмыстарындағы қарқындылығын бақылап қайтқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Жол салушы мердігер компания өкілдерімен кездесіп, қала әкімінің сапалы әрі жылдам жолдар салу туралы тапсырмасын жеткіздім.
Қаламыздағы Тассай шағын ауданындағы Ақсүмбе, бұрыңғы атауы Тәуке хан көшесі 2017 жылы құрылыс жұмыстарын бастаған екен. Бұйыртса, мамыр айының соңына дейін жолды толығымен аяқтамақ. Ал Нұр-Сұлтан даңғылымен қиылысы маусым айының алғашқы аптасында аяқталады деп жоспарлануда. Жол бойында асфальт, жарықтандыру жүйесі, жаяу жүргіншілер жолы — тратуар және бағдаршам мен аялдама, арық жүйесі қарастырылған.
Сондай-ақ, тұрғындардың шағымдары мен өтініштері бойынша бірнеше нысандарда болып, мәселелерін тыңдадым.
- Мәселен, Ақниет елді мекеніндегі Шарайна көшесінің тұрғындары есік алдына жетпей салынған асфальт жол үшін шағымданған. Жолдар квартал көшелерінің стандартты көлемінде салынып, коммуникациялық жұмыстар мен көгалдандыру үшін қалдырылған. Осы ретте тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, мән-жайды түсіндірдік. Сондай-ақ, олардың өтініші бойынша қосымша асфальт төсеп береміз деп шештік,»- деді жазбасында қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.
Пікір қалдыру