Шымкент: «‘Бастау бизнес» жобасына тіркелу жалғасып жатыр

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында «Бастау Бизнес» жобасына онлайн тіркелу жөнінде брифинг өтті. Баспасөз мәжілісіне Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Олжас Жансейтов пен Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Жанат Өтебаева қатысты.

«Бастау Бизнес» жобасы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту бағытталған. Оқуға тіркелу және оқыту 10 маусым күні басталған. Биыл карантиндік шараларды ескере отырып, бұл жобаға тіркелу мен оқу қашықтықтан (онлайн) «Atameken Academy» платформасы арқылы өтеді. Оқу жылындағы кезең – бірінші топ маусым айында (1-топ), шілдеде (2-топ), тамызда (1-топ) және қыркүйекте (1-топ). Үміткерлер оқуға қатысу үшін осы уақыт аралығында өтініш бере алады.

Олжас Ерланұлының айтуынша, жоба шеңберінде қатысушылар онлайн оқу үшін, ең алдымен, халықты жұмыспен қамту орталығынан жолдама алуы тиіс. Ары қарай «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасына келмей-ақ, оқуға онлайн тіркеле алады. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжатты және халықты жұмыспен қамту орталығы берген жолдаманы https://atameken.co/kk/course-bastau сілтемесіне жүктейді. Бұл ретте үміткерлерге тіркелу барысында түсінікті болу үшін видео-нұсқаулық дайындалған. Видео-нұсқаулық @shymkent.atameken инстаграм парақшасы және https://t.me/basbiz20 («Бастау Бизнес – 2020») telegram-каналына жүктелген.

Одан бөлек, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары оқуға қатыса алатын азаматтарды атап өтті.

– 18 жас пен зейнет жасына дейін жұмыссыз азаматтар, жұмысқа қабілеті бар мүгедек жандар (арнайы дәрігердің рұқсат қағазымен), аз қамтылған отбасылар (АӘК алатын), көп балалы отбасылардың мүшелері және қоныс аударушылар мен оралмандар. Осы ретте бір айта кетерлігі, биыл аз қамтылған отбасылар мен (АӘК алатын) көп балалы отбасылардың мүшелері, қоныс аударушылар және оралмандар «Бастау Бизнес» жобасының сертификатын оқымай-ақ, грантқа тікелей үміткер бола алады, – деді О.Жансейтов.

Оқу мерзімі – 21 күн. Аяқталған соң, тест тапсырады. Үш мүмкіндік беріледі. Емтиханнан өтпесе, тек оқуға қатысқаны жөнінде ғана сертификат алады. Егер тестіден жақсы нәтиже көрсетсе, оқуды бітіргені жайлы сертификат алып, грантқа үміткер болады. Грант қайтарымсыз, бірақ мониторингтік топ арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Яғни бұл – әлеуметтік көмек емес, кәсібін бастаушы кісілерге бизнес жоспарын іске асыруына жасалып жатқан мүмкіндік.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*