ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР АРҚАСЫНДА БӘЙДІБЕК АУДАНЫНДА АУЫЛДАР ЖАҢАРЫП ЖАТЫР

 

Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы бірқатар ауылдарға мемлекеттік бағдарламаның шарапаты тиіп жатыр. Мәселен, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралып, Боралдай елдімекенінде 5 көшеге асфальт төселуде. Сондай-ақ, 3 шақырымға жуық жол бойына жарықшамдар орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жолдар мен суағарлар салынуда.
Бұдан бөлек, аталған бағдарлама аясында Мыңбұлақ ауылындағы 4 көшеге де асфальт төселіп, жарықшамдар орнатылды. Қазіргі таңда, сол көшелерге суағарлар қойылып, аяқжолдар төселуде. Сонымен қатар, ондағы 110 орындық «Бақыт» балабақшасының қосымша салынған 51 орындық 2 қабатты ғимараттына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл құрылыс жұмыстары келесі айда толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Осыған ұқсас жөндеу жұмыстары Ақтас, Тайманов елдімекендерінде де жүргізіліп жатыр. Онда «Жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы шамамен 2,5 шақырым болатын 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы аудан аумағында жалпы пайдаланымдағы және елді мекендердің ішкі көше автомобиль жолдарының ұзындығы 886,9 шақырымды құрайды. Оның ішінде: Республикалық маңызы бар 25 шақырым автомобиль жолының 100 пайызы асфальттанған. Облыстық маңызы бар 445,3 автомобиль жолының 419 шақырым асфальтталған. Аудандық маңызы бар 97,6 шақырым жолдар 100 пайыз асфальттанған.
Ал, елдімекендер ішіндегі көшелердің ұзындығы 319 шақырымды болса, оның 205-сі асфальтталған, 80-не шағал тас төселген. Биыл 25,2 шақырым болатын елді мекендердегі 19 көшенің автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*