Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық Коалицияның форумы өтті.

Форумға «AMANAT», «Ақ жол», Қазақстанның Халық партиясы сынды саяси партиялардың және 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның екі мыңнан астам өкілі қатысты.

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастау алған сайлау науқаны барысында бірден бірнеше республикалық қоғамдық бірлестік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдағанын атап өтті.

«Түрлі саяси және қоғамдық күштердің дәл мұндай ауызбіршілігі біздің қоғамды топтастырудың мүлдем жаңа деңгейін көрсетеді. Осыған сүйене отырып, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен кеңесе келе, біз Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық Коалиция құру туралы шешім қабылдадық», – деді Ерлан Қошанов.

Еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш, Қазақстан әуе күштерінің генерал-майоры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтынын, оны мықты саясаткер, шебер дипломат санайтынын мәлімдеді.

Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі Қазбек Иса өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тарихи реформалар қарқын алғанын атап өтті.

Мәжілістегі Қазақстанның Халық партиясының депутаты, «Қазақстан халқына» Қоғамдық әлеуметтік қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ирина Смирнова Президент реформаларының басты бағыты – адам, оның әл-ауқаты, өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті.

Форумда сөйлеген сөзінде қоғам қайраткері, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, кәсіби спортшы Ардақ Назаров ұрпақ тәрбиесінде халқымыздың рухани байлығына және асыл мұраларына, ұлттық құндылықтарына сүйенген жөн екенін жеткізді.

Журналист, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Сергей Пономарев азаматтардың сұранысына жедел әрі тиімді жауап беру, талқылау мен шешім қабылдау кезіндегі ашықтық билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі Президент құрған жаңа формасы болды деп есептейді.

М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетіндегі бизнес-мектептің директоры Алина Әбдірахманованың айтуынша, Қазақстанның инновациялар еліне айналуына барлық мүмкіндігі бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушыларға қолдау көрсетіп, сенім артқаны үшін ризашылығын білдірді.

Форумның соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Халықтық Коалицияның ұсынысын қабылдап, ҚР Президенті лауазымына кандидат ретінде ұсынуға келісімін берді.

 

Шымкент қаласының мәслихат депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі, қалалық филиалдың Партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Қожамжарова Дариякүл Пернешқызы

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*