«AMANAT»-тың жаңа Саяси тұғырнамасы партияның XXIV Съезінде қабылданды

«AMANAT»-тың кезектен тыс XXIV Съезі барысында партияның жаңа Саяси тұғырнамасы бекітілді. Негізгі идеологиялық құжат дамудың негізгі бағыттары мен саяси бірлестіктің принциптерін көрсетеді.

Партия Төрағасы Ерлан Қошанов бүгін қабылданған «AMANAT»-тың Саяси тұғырнамасы ұзақ мерзімді және стратегиялық құжат екенін атап өтті.

«Жалпы, бүгінгі Съезді тарихи деп айтуға толық негіз бар. Біз партияның жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдадық. Тұғырнаманың басты қағидасы – Адам, Қоғам және Мемлекет. Ондағы принциптер Президентіміздің саяси реформаларымен үндес әрі сабақтас. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады», — деді Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде Саяси тұғырнаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бұл құжатта партия Қазақстанның болашағы туралы идеясын айқын көрсетіп, өзінің ниеті мен мақсаттарын белгілегенін атап өтті.

«Барлық өңірден ұсыныстар жинау және әлеуметтік сауалнамалар жүргізу арқылы партияның әрбір мүшесіне құжатқа қатысты өз пікірін айтуға мүмкіндік берілді. Соның нәтижесі ретінде, партияның жаңа құжаты қоғамымыздың  әртүрлі топтарының көзқарастары мен мүдделерін көрсетеді. Басқаша болуы мүмкін де емес, өйткені «AMANAT» партиясы – Қазақстандағы ең мықты қоғамдық институт», – деді халық қалаулысы.

Съезд соңында партия Төрағасы Ерлан Қошанов форум өтетінін хабарлады. Онда еліміздің прогрессивті қоғамдық-саяси күштері Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі коалицияға бірігеді.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезі өтті. Іс-шараға 1200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Саяси кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, өңірлерден келген 700 делегат, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және т.б. бар.

 

 

Бақыт Қыдырбаев

Шымкент қаласы мәслихатындағы

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*