ҰЛТ ҰСТАЗЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ

 (Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне, Тіл мерекесіне орай)

Халқымыз өзінің тарихында ерекше орны бар екі тұлғаны «Ұлт ұстазы» деп ардақтаған. Алдымен, әрине, ұлы Абайды айтамыз. Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлының есімі аталады.

Жаңа 2023-2024 оқу жылын кеше бастаған Тәшенев университеті «Филология» факультеті, «Тілдер мен әдебиет» кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері бүгінгі сабағын  Ұлт ұстазының туған күні мен Тіл мерекесіне арнады. Болашақ филологтар Ахмет Байтұрсынұлының рухына тағзым етіп, құрмет көрсетті және оның артында қалдырған рухани мұрасын көздің қарашығындай сақтап, өнеге етуді  өздерінің  азаматтық борышы  деп санайды!

Ұлт ұстазының еңбегін зерделеп, оның мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру  —  баршамызға ортақ міндет.

Тарихымызбен терең танысып, өткен ғасырдағы ақтаңдақтар аршылған сайын, Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы мен өнегелі өмірі ұлтқа қызмет етудің айрықша үлгісіне айналды. Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін түсінген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге, дербестік жолындағы күрескерге айналды. Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту осы тұрған буынның маңдайына жазылған екен.

Қазақ елінің жарқын болашағы үшін күрескен Алаш арыстарының еңбегі туралы кеңінен сөз қозғауға болады. Алаш арыстары өз халқының алдында перзенттік парызын адал атқарған тұлғалар. Алаштық ұстаным қашанда елдің өсуі мен өркендеуінің қайнар бұлағы. Әрдайым солай болып қала береді.

Түрлі конференциялар мен жиындарда  ұлт ұстазы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, түркітанушы, публицист, аудармашы, ақын, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен еңбектері туралы кеңінен айтылуда.

Ахмет Байтұрсынұлы — қазақтың ақыны, әдебиетті зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы және қоғам қайраткері, Қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы және Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.

Әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің тіл болып қалыптасуына, жалпы тіл білімі  саласына ерекше көңіл бөлді.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алды. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кірісті. Ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын (графикасын) жасауды мақсат еткен, бұл үшін араб алфавиті негізіндегі «Байтұрсынов жазуы» дүниеге келген. Сол жазумен сауат аштыруды ойлаған, бұл үшін «Оқу құралы» атты әліппе оқулығын жазған, одан соң қазақ тілінің граматикалық құрылымын талдап беру мақсатында «Тіл құралды» жазған.

«Атадан ұлағат — ұрпаққа аманат» атты кездесуде айтқан Дихан Қамзабекұлының пікіріне тоқталсақ, «Тарихымызда ғалым да, даналар да көп. Бірақ ешбірі араб жазуын қазаққа бейімдей алған жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы сөйлеген сөзіміздегі әрбір дыбыс мен әріпті арабша жазуымен жеткізді. Төте жазуымыздың негізін қалап берді. Бұл — мың жылда бір келетін ілім. Өйткені мұны жасау үшін үшін адам миының күші ерекше болуы керек. Еуразия ұлттық университетіндегі Күлтегін ескерткішінде бір дыбыс бір таңбамен белгіленген. Адамзат бір дыбысты бір таңбамен беруі үшін кем дегенде 2 мың жыл жүрген. Көріп отырғанымыздай, Ахаңның қолынан мұндай ұлы іс келген».

Ол — өз заманының ағысына қарсы тұра білген қайраткер. Қазақ халқының рухани көсемі болып, білім алуға және бұқараны ағартуына шақырған.  Қазақтың   қазақ   бола білуіне кеудесіндегі жанын да аямаған. Халық     үшін,     халықтың     мәдени-әлеуметтік    болмысын   көтеру   және

«Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын.

Ел – бүгіншіл, Менікі – ертең үшін» деп, Ахмет Байтұрсынұлы болашақ ұрпақ үшін қызмет етті.

Бүгінде еліміздің ең басты, қасиетті құндылығы – Тәуелсіздік  және Тіл десек, сол Тәуелсіздік Алаш көсемдері Әлихан, Міржақып пен Ахметтің бізге, бүгінгі ұрпаққа қалдырған аманаты!

 

Ж.Ташенев университетінің

 Ғалым хатшысы

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*