Соңғы 3 жылда еліміздің түрлі өңірлерінде соттар ұлтаралық араздықты қоздырған 30-ға жуық адамға қатысты үкім шығарған. Кейбірін мысалға келтірсек, Алматының «Т» есімді тұрғыны Facebook әлеуметтік желісінде азаматтардың ұлтына қатысты үгіт-насихат жүргізгені үшін 2021 жылы 19 тамызында ҚК-тің 2-бабы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
2019 жылы 23 қазанда тағы бір жігіт 5 жылға сотталды. Ол «WhatsApp» пен «Youtube» хостингінде өзге этнос өкілін балағаттап, материалдар жариялаған. Ал, Петропавл қалалық соты биыл ұлтаралық алауыздықты қоздыру, азаматтардың ұлттық ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн қорлау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға жария түрде шақыру бабы бойынша Л.-ға қатысты істі қарады.
Ер адам 2014 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде ұялы телефон арқылы “Facebook” әлеуметтік желісінде алауыздықты қоздыруға бағытталған жазбаларға репосттар жасап, пікірлер жариялап отырған. Сондай-ақ ел тұтастығын бұзуға шақырған жазбалар жазған, осылайша желі қолданушылары арасында те¬ріс пікір тудырған. Кейін оның ауыратындығы, бұл жазбаларды жазған уақытта есi дұрыс болмағаны анықталған. Прокурорлық тексеру, сараптау негізінде, Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі, 180-бабының 2-бөлігінде көрсетілгендей, қоғамға қауіпті әрекеттерді есі дұрыс емес күйде жасағаны үшін сот оған жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолданды. Яғни, қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Ұлтараздықты ушықтыру ниетін ақыл-есі дұрыс емес адам қалай іске асырады? Бұл сауал әрбіріміздің көкейімізде сайрап-ақ тұр… Түймедейді түйедей етіп, ұлттар арасын ушықтырып, мемлекет пен оның халқы арасындағы қарым-қатынасты бұзуды аңсағайтындар жоқ емес. Көбінің көкейіндегі орындалмай келеді. Қазақстан халқы біртұтас ел екендігін тереңнен түсінетін ұлтымыздың кеңдігі дәл осы тұрғыда көңілге демеу. Ел Президентінің көксегені де осыны қадірлеу, береке-бірлігімізді нығайту. Құдай пейілімізге берсін. Жылдан-жылға үдеп бара жатқан қақтығыс, соғыстар біздің елге қажет емес!
З.Оралбаева – қалалық ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мүшесі
Пікір қалдыру