Бұл жөнінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков, өзінің «фэйсбуктегі» парақшасында жазды.
Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухана – мегаполистегі ірі көпбейінді аурухана. Мұнда жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету сапасы уақыт талабына сай дамып келеді.
Айта кету қажет бүгінде ауруханаға білікті мамандар қайта орала бастаған. Атап айтқанда Сәбитхан Байтеміров, Дәурен Қабылов, Тайбек Садықов, Алибеков Батырбек сынды білікті хирургтар бүгінде қалалық №1 клиникалық ауруханада еңбек етіп, жоғары мамандандырылған оталарды жасауда біліктіліктерін көрсетіп жатыр.
Ауруханада бауыр мен бүйрекке қатарынан екі трансплантация жасалды және құрсақ қолқасының аневризмасын эндопротездеу операциясы сәтті өткізіліп, ауыр дертке шалдыққан науқастар емделді.
Биылғы 31 қаңтар күні аурухана дәрігерлері бауыр трансплантациясын жасады. Ағзасын алмастырған науқас бір жылдан бері ауырады, сырқаттың басталуы ісік-асцит синдромынан басталған, екі рет өңештің венасынан қан кеткен. Бауыры жарамай, денсаулығына қауіп төнген науқасқа дәрігерлер баласының бауырын салып берді.
«Сондай-ақ, 8 ақпан күні аурухана базасында бүйрек трансплатациясы жасалды. Ағза алмастыру отасынан кейінгі рецепиент пен донордың жағдайы жақсы. Тағы айта кетерлігі, №1 клиникалық аурухана дәрігерлері алғаш рет қан тамырлар хирургиясы бойынша тың әдіспен ота жасап, денсаулығына қауіп төнген науқастың өмірін алып қалды»,— деп жазады ол өз парақшасында.
Сонымен қатар, қаланың бас дәрігері құрсақ аневризмасының жарылуы анықталып, науқасқа жедел көмек көрсетіліп, күрделі операция сәтті жасалғанын да хабарлады.
Пікір қалдыру