Түркістан облысында ауыз су мен газға қатысты жобаларды уақтылы әрі сапалы аяқтау керек. Бұл жайлы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов айтты.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірді инфрақұрылыммен, ауыз су мен газбен қамту мәселелерін қарайтын штабтың кезекті мәжілісін өткізген болатын. Жиын барысында осы саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Себебі, Түркістан облысының бірқатар аймақтарында ауыз су мәселесі өзекті. Кейбір аумақта табылған су тартылып кетсе, енді бір аудандарда ұңғыма қазу жұмыстары нәтиже бермеуде.
Ел Президенті 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.
“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деді Президент.
Түркістан қаласын дамыту ісінде ең алғаш болып назар салатын салалардың қатарына ауыз суды тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түспейтіні анық. Ол үшін жергілікті билік аталмыш бағыттарда мүмкіндігіне қарай қызметін атқарып келеді. Президент өз Жолдауында елдегі су тапшылығының зардабын азайту үшін тиісті сараптамалар мен талдаулар қажет екенін жеткізген болатын. Ол суды үнемдеу технологияларының тым баяу енгізіліп жатқанын мәлім етті.
Пікір қалдыру