Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына барынша жағдай жасалып, мүмкіндіктер қарастырылған. Әйтсе де, жасалатын бизнес заңды, адал болуы керек.
Осы орайда ауданда рұқсатсыз ашылған сауда орындарының қызметін тоқтатуға, бақша мен көкөністердің құрамында нитратты заттардың талапқа сәйкестігін, сауда орындарының өрт және техника қауіпсіздігін тексеруге бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру, заң талаптарына сәйкес шара көру, базар аумағындағы санитарлық тазалық нормаларын сақтау мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасымен арнайы жұмысшы тобы құрылып, рейдтік шаралар ұйымдастырылуда.
Қала, кент, ауылдық округтердегі заңсыз сауда нүктелерін анықтау, көлеңкелі бизнеспен айналысушылардың жұмыстарын тоқтату мақсатында жүргізілген рейдтік шаралардың нәтижесімен аудан басшысының төрағалығында базар басшыларымен арнайы жиын өтті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары мен аудандық ТҮКШ бөлімі, құрылыс және сәулет бөлімі, кәсіпкерлік бөлімі мен қала әкімі, аудандық полиция бөлімінің өкілдері қатысты.
Жиын барысында қаладағы кейбір тұрғындар сауда жасап, нәпақы табамын деп тазалықты сақтауды естен шығарғанын, заңсыздықтарға жол бергенін, бірқатар азаматтардың су қашыртқыларының үстіне дүңгіршектер салып, арық-атыздарды қоқыспен толтырып тастағанын айтып тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің сауда жасау фактілеріне тосқауыл қойып, ретсіз саудамен айналысатын азаматтарды базарларға жайғастырып, әрбір саудагердің өрт және техника қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін қадағалауды да естен шығармау керектігін ескертті.
Бұл бағыттағы жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындарды табысынан қағып, нәпақысынан айыру емес, керісінше, кәсіптерін заңдастырып, мемлекетке төленетін салық көлемін арттыру, адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін санитарлық тазалық нормаларын қатаң сақтау болып табылады.
Пікір қалдыру