Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, «САНҰР» телерадиокомпаниясының негізін қалаушы, жеңіл атлетикадан спорт шебері, бүгінде телеарналар мен мерзімді басылымдардың тізгінін ұстап жүрген көптеген журналистердің ұстазы болған ардагер журналист Саржанов Тұрсынхан Құдайқұлұлын еске алуға арналған ересектер арасында кіші футболдан турнир болып өтті. Ас беріліп, құран бағышталды.
Ойыншылар арасында достық пен татулықты нығайта отырып жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, сондай-ақ, патриотизмге, елін, жерін сүюге және халқын құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған байрақты бәсекеге Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарымен қатар, Алматы, Шымкент қалаларынан 16 командада 180-ге тарта спортшы жасыл алаңда өзара мықтыны анықтады. Іріктеу кезеңінде қарсыластарына түрлі ойын тактикаларын қолданып, жеңіске жеткен командалар жартылай финалда кездесті.
Аудан әкімдігі мен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының, аудандық мәслихат депутаттары Нұрбол Байтілесов пен Елдос Ахметовтың, Елдос Байысбаев пен №1 БЖСМ директоры Ғабит Жанаевтың, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиевтың қолдауымен өткен жарыстың ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров пен Тұрсынхан Құдайқұлұлының туыстары, әріптестері қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Тұрсынхан Құдайқұлұлы Саржанов 1946 жылы 9 мамырда Мақтаарал ауданы, Джержинский совхозында дүниеге келген. 1970-1990 жылдары Жетісай педагогикалық училищесінде дене шынықтыру пәнінен ұстаздық етіп, жеңіл атлетиканың гимнастика түрінен спорт шебері атағын алған.
1990 жылдан бастап өзінің қызығушылығымен облыстық «Южный Казахстан» басылымында фототілші, 1991 жылы Қазақстан киномотографистер Одағы Қазақ киноқоры облысаралық «Арман» кинобейнестудиясының Жетісай бөлімшесінің директоры, 1993-1998 жылдары облыстық телерадикомпанияның Мақтарал, Шардара, Киров және Жетісай ауданаралық тілшілер қосынын басшысы болып қызмет атқарған. Одан кейінгі үш жылда «Қазақстан» теледидары мен радиосы» республикалық телеарнасының тілшісі болып еңбек еткен. Өз өмірінің басым бөлігін журналистика саласына арнаған ағамыз 2000 жылы Мырзашөл топырағында тұңғыш рет «Санұр-ТВ» телеарнасын ашып, өмірінің соңына дейін телеарна редакциясын басқарған.
Тартысты өткен турнирдің ақтық сынының «Жетісай Заңғар» – «Мырзакент» командалары арасындағы кездесуінде пенальти арқылы 5:4 есебімен жетісайлық жігіттер ІІІ орынды иеленсе, Мырзакенттің құрамасы IV орынға табан тіреді. Ал, «Ақжол» командасы ІІ орынды иеленсе, «Айдос оформление» командасының ойыншылары І орынды қанжығаларына байлап, турнирдің жеңімпазы атанды.
Одан бөлек, турнир барысында ерекше ептілігімен көзге түскен Сүндет Қожанов «Үздік қақпашы», Жансерік Қалдыбай «Үздік қорғаушы», Шавкат Кенжебаев «Үздік ойыншы», Ахмет Оқап «Үздік сұрмерген» және Қуаныш Болат «Үздік шабуылшы» номинацияларына ие болып, ұйымдастырушылар тағайындаған кубок, медаль, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Пікір қалдыру