ӘЛІПБЕК ШӘРІПБЕКҰЛЫ ӨСЕРБАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ФУТБОЛДАН АШЫҚ БІРІНШІЛІК ӨТТІ

Түркістан облысы мен қаласының дамуына сүбелі үлесін қосқан қаланың «Құрметті азаматы» Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевты еске алуға арналған футболдан ересектер арасында ашық біріншілік өтіп жатыр.
Дүбірлі жарыстың ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Футболдан өтіп жатқан біріншілікте Түркістан, Кентау, Сарыағаш қалалары мен Бәйдібек, Сауран, Жаңақорған аудандарынан келген 9 команда бақ сынасуда.
Іскер басқарушы, дарынды ұйымдастырушы бола білген Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевтың Түркістан облысының экономикасы мен әлеуметтік дамуына қосқан үлесі орасан зор. Талапшыл әкім, мемлекеттік істе қайталанбас қолтаңбасы бар азаматты бүгінде замандастары игі істерімен еске алды.

Әліпбек Шәріпбекұлы 1961 жылы 20 тамызда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, Балтакөл ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1983 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген. Мамандығы бойынша – химик-технолог.

Еңбек жолын 1983 жылы Қарағанды асбест-цемент зауытының машинисі болып бастаған. 1983-2005 жылдары құрылыс саласында еңбек етіп, 2007 жылдан бүгінгі күнге дейін Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің меңгерушісі, Кентау қаласы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Түркістан қаласының әкімі, Ордабасы ауданының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды.

Қоғамға сіңірген еңбегі үшін Әліпбек Өсербаев бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, «Құрмет» орденінің, «Астана қаласына – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медальдарының иегері.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*