Мектепке дейінгі кезең – тұлғаның дамуындағы маңызды кезең, баланың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту кезеңі, бұл оның одан әрі дамуында, білім алуында және болашағын айқындауда шешуші рөл атқарады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі мемлекеттік саясат барлық баланың сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында министрлік Мектепке дейінгі ұйымдар желісін ұлғайту жөнінде бірқатар шара қабылдауда. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова ОКҚ алаңында осылай деді.
Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар Министрлікпен келісе отырып, жаңа МДҰ және жаңа орындарды енгізудің қадамдық жоспарларын бекітті. Осылайша, балаларды қамтуды кезең-кезеңімен ұлғайту мақсатында 2023 жылдан 2027 жылға дейін 300 мыңға жуық жаңа орын ашу жоспарланған. Биыл жыл басынан бері 35,7 мың жаңа орын ашылды Мемлекеттік МДҰ-да 11 600 орын, жекеменшік МДҰ-да 25 600 орын.
«Қазіргі уақытта балаларды мектепке дейінгі ұйымға қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Министрлік дербестендірілген қаржыландыруға көшу тетігін сынақтан өткізуде. Ата-аналардың мектепке дейінгі ұйымдарды дербес таңдауы және «қаражатты баланың соңынан ілестіру» қағидаты бойынша берілген ақшалай қаражатты ваучер арқылы МДҰ-ға аудару сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады деп күтілуде», – деді спикер.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін МДҰ-да тегін тамақпен 93 мың бала қамтылды. 3500 МДҰ базасында ата-аналарға арналған консультациялық пунктер ұйымдастырылды. Ақпараттық кеңістікті кеңейту және интернет-ресурстарды пайдалану халықтың кеңінен хабардар болуын және балалардың ерте дамуы мәселелері бойынша ата-аналардың қажетті мәліметтерді алуын қамтамасыз етеді.
Министрлік Балаларды ерте дамыту институты және ЖАО-мен бірлесіп, ата-аналарды педагогикалық технологиялар мен цифрлық ресурстар арқылы мектепке дейінгі тәрбие және оқытуға тарту жұмыстарын кеңейтуде. «Виртуалды әдістемелік кабинетте» институт сайтында «ата-аналарға кеңес» айдары ашылды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылмаған балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пунктердің қызметіне әдістемелік сүйемелдеу, балаларды мектепке даярлау мәселелері бойынша консультациялық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Пікір қалдыру