ТҮРКІСТАНДЫҚ ТАЕКВОНДОШЫЛАР ҚЫТАЙДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕН ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

Түркістандық спортшылар 13-19 тамыз күндері Қытайдың Уси қаласында таеквондодан жасөспірімдер арасында (WT) өткен GRAND SLAM 2024 халықаралық турнирінен жүлдемен оралды.
Алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық сайыста жерлестеріміз Нәлібай Жаншуақ 2-орын (45-61 келі салмақта), Акрамова Шахризод 3-орынға (33-45 келі салмақта) ие болды. Жаттықтырушылары — Тұраров Абзал мен Тұрлыбек Жандарбек.
— Спортқа келгенде таеквондоны өзім таңдадым. 10 жасымнан бері осы спорт түрімен шұғылданып келемін. Өзіме қатты ұнайды. Болашақта олимпиада чемпионы болғым келеді. Сол үшін де аянбай тер төгуге дайынмын, — деді түркістандық жас спортшы Жаншуақ Нәлібай. Сондай-ақ, ол спорттағы әр жетістігіне қолдау білдіретін ата-анасы мен жаттықтырушысына алғысын айтты.
20-дан аса мемлекет қатысқан турнирде Қазақстан құрамасы командалық есепте 1-орынды иеленіп, 7 алтын, 3 күміс, 6 қола медальды қанжығаға байлады. Аталған халықаралық спорт сайысына елімізден 34 спортшы қатысқан болатын.

Таэквондо (тхэквондо) — корей халқының ұлттық спортының бір түрі. 2000 жылдан бастап олимпиадаға енгізілген таэквондоның шығу тарихы алыста жатса да, заманауи күрес жүйесі ретінде ол тек XX ғасырда қалыптасты. Таэквондода спортшының аяғы мен қолы қатар жұмыс істейді, атауы да соған орай қойылған: «тхэ» — аяқ, «квон» — жұдырық (қол), «до» — өнер дегенді білдіреді. Мақсаты – жарыс ережесіне сай келетін әдістерді пайдалана отырып жеңіске жету. Таэквондошы әрқашан өз-өзіне сенімді, салқынқанды, сабырлы, не нәрсе жасаса да, ойланып барып орындайтын адам болуы керек.

Біздің елге жекпе-жектің бұл түрі тәуелсіздікпен бірге келді десек болады. Дәл сол жылдары әлемге әйгілі таэквондошы Мұстафа Өзтүрік атажұрты Қазақстанға келіп таэквондо жоғары мектебінің негізін қалаған еді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*