ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНЕ ШАҚЫРТУ АЛДЫ

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театры В.Шукшиннің 95 жылдығына орай Барнаул қаласында екінші мәрте өткізілген «Здравствуйте, люди!» атты театр фестиваліне қатысты. Театр ұжымы онда В.Шукшиннің «Ауыл әңгімелері» трагикомедиясын Алтай өлкелік драма театрында сахналады.
Қойылымды тамашалауға келген халықтың көп болғаны сонша, залда ине шаншыр орын болмады. В.Шукшин атындағы Алтай өлкелік драма театрының ұжымы мен көрермендер қойылымнан алған әсерімен бөлісіп, таңқалыстарын жеткізді.
Ресей елінің белгілі сыншысы, «Летающий критик» жобасының белді мүшесі Ксения Аитова кәсіби талдау жасап, жоғары бағасын берді. Сонымен қатар, театр ұжымы келесі жылдың тамыз айында Мәскеу қаласынан 300 шақырым жерде орналасқан Кинешма қаласындағы А.Н.Островский атындағы театрда өтетін «ОСТРОВСКИЙ FEST» атты театр фестиваліне дәл осы қойылыммен шақырту алды.
Көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кәсіби сыншылардың қатал сынынан өткен театр ұжымы арнайы дипломмен, кәдесыймен (В.Шукшинің мүсінінің кішкентай көшірмесі) және В.Шукшиннің шығармалар жинағымен марапатталды.
Өнер ордасы 2000 жылы 9 наурызда ашылды. Түркістан қаласының сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі болып ҚР Еңбек сіңірген артисі, ҚР Халық артисі, профессор Райымбек Сейтметов тағайындалды.
Мекеме ғимараты 1938 жылы салынған Түркістан теміржол мекемесінің киноклубы болған. Қайта күрделі жөндеуден өтіп, 2000 жылы театрға берілді.Сахналанған алғашқы пьеса – түрік қағанаты жайлы баяндайтын «Көк-түріктер» қойылымы.

2017 жылы өнер ордасына  Райымбек Сейтметовтың есімі берілді. Театр ғимаратында 250 адамға арналған көрермен залы мен мұражай бар.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*