ТҮРКІСТАН – ИНВЕСТИЦИЯ МЕН ӨНДІРІСТІҢ ЖАҢА ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУДА

Түркістан облысы халықаралық әріптестік пен экономикалық серпіліс жолында жүйелі қадамдар жасауда. Жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының Шанхай аймағынан келген ірі инвесторлар делегациясын қабылдады. Бұл кездесу өңірдің өндірістік және инвестициялық әлеуетін шетелдік серіктестерге таныстырып қана қоймай, екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерудің алғашқы баспалдағы болды.

«Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер! Биыл Шанхай қаласында Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыратын ақпараттық кеңсе ашуға қолдау білдіргендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Бұл – өңір туризмі үшін маңызды қадам. Сіздермен өндірістің әр саласында әріптестік орнатуға дайынбыз. Облыста индустриалды аймақтар, өндірістік парктер, арнайы экономикалық аймақтар бар. Ауыл шаруашылығынан бастап өндіріс, туризм және логистикаға дейін бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз», – деді аймақ басшысы Нұралхан Көшеров кездесуде.

Шанхайлық делегация Түркістан облысының туристік нысандарына жоғары баға беріп, Қытайда өңір туралы ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізуге ниетті екенін білдірді. Сонымен қатар олар бірқатар нақты жобаларды талқылауға дайын екендерін жеткізді. Атап айтқанда:

  • алманы терең өңдеу және Еуропаға экспорттау;

  • ұн және наубайхана өнімдерін өндіру;

  • түсті металдарды терең өңдеу;

  • киім және тоқыма өнімдерін шығару;

  • логистикалық қойма, өндірістік зауыттар мен кедендік инфрақұрылым салу.

Бұл жобалар – Түркістан облысы үшін жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, импортты қысқартып, экспортты ұлғайтуға зор мүмкіндік береді.

Бүгінде Түркістан облысының экономикасы тұрақты даму жолына түсті. 2025 жылдың алғашқы бес айында өңірлік жалпы өсім 120,4%-ды құрады. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Мұндай нәтижеге жетуде өңдеу өнеркәсібі (280,4 млрд теңге), тау-кен өндірісі (259,6 млрд теңге), ауыл шаруашылығы (194,3 млрд теңге), құрылыс (117,4 млрд теңге) және сауда салалары (269,7 млрд теңге) негізгі рөл атқарды.

Импортты қысқарту – ел экономикасының басты бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда Түркістан облысы шетелдік өнімдердің орнын жергілікті өндіріс арқылы алмастыруға мүмкіндік беретін тиімді жобаларды қолға алып отыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, металлургияда отандық өнім үлесін арттыру және шетелдік нарыққа сапалы отандық өнім ұсыну – экспорт көлемін ұлғайтып, экономиканы нығайтатын нақты қадамдар.

Облыс әкімдігі шетелдік инвесторларға барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарды ұсынуда. Бұл алаңдарда кәсіпорын ашуға ниетті инвесторлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер, жергілікті әкімдік тарапынан қолдау шаралары қарастырылған. Мұндай жағдайлар шетелдік кәсіпкерлердің сенімін арттырып, капитал салуға итермелеуде.

Кездесу барысында тараптар Түркістан облысында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын ашу бойынша да келіссөздер жүргізді. Аталған орталық заманауи интеллектуалды индустриалды кластерге айналып, өндірісті, ғылыми зерттеуді, өнімді сатуды және сервистік қызметті біріктіретін кешенді жоба болмақ. Бұл бастама өңірдің халықаралық сауда орталығына айналуына негіз бола алады.

Түркістан облысы өзінің тарихи-мәдени мұрасымен ғана емес, заманауи инфрақұрылымы, инвестициялық тартымдылығы және экономикалық әлеуетімен де көзге түсіп отыр. Қытай инвесторларымен жасалған келісімдер – осы бағыттағы үлкен серпілістің басы. Жаңа жобалар өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтады, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құруға сеп болмақ.
Түркістан – бүгінде Қазақстанның экономикалық картасында жаңа өндіріс пен технология орталығына айналып келеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*