Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалды

Асқар Мырзахметовтың орнына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тағайындалды — деп хабарлайды Аzattyq-ruhy.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.

Бұл ақпаратты Ақорда сайты хабарлады.

«Мемлекет басшысының жарлығымен берілген өтінішіне орай Асқар Исабекұлы Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі қызметінен босатылды» және «Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметінен босатылсын», — делінген хабарламада.

Асқар Мырзахметов Жамбыл облысына 2018 жылдың 10 қаңтарында әкім болып тағайындалған еді. 2019 жылы шілде айында өкілеті ұзартылды.

Мырзахметовтың облыс басшылығы қызметінен босауына 7 ақпан күні Қордай ауданында болған қақтығыс тікелей себеп болып отыр. Қордай ауданында болған жанжал салдарынан бірнеше үй мен автокөлік өртеніп, 11 адам қаза тапқаны хабарланды. Қазір оқиға орнында Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапараевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовке Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды. Енді міне, арада бір күн өтпей жатып 2 жыл облысты басқарған Асқар Мырзахметов те қызметінен кетті.

Бердібек Сапарбаев болса, оңтүстіктегі үш облысты басқарған жалғыз әкім болып отыр. Ол бұған дейін 1995 жылы Қызылорда облысында әкім болса, 1999-2002 жылдар аралығында ОҚО-н басқарған еді. Ал, жалпы Бердібек Мәшіпбекұлы еліміздегі бес өңірде әкім болды. Олар Қызылорда, ОҚО, ШҚО, Ақтөбе, Жамбыл облыстары.

 

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*