ШЫМКЕНТ: ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА 6 МЫҢНАН АСА МҰҚТАЖ ОТБАСЫ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұловтың қатысуымен коронавирус пандемиясына қарсы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде онлайн-брифинг өтті.

Абзал Шымкентбайұлының баяндауынша, аудан аумағында қауіпті індеттің алдын алу үшін 8 блок-бекет орнатылған. Блок-бекеттердің жұмысы қатаң бақылауда. Жалпы ауданда карантинде — 49 адам, сондай-ақ 19 орын оқшауланған. Барлық оқшауланған орындарда дезинфекциялау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

— Аудандағы 24 елдімекенде 250 мыңға жуық тұрғын бар. Барлық елдімекендер мен көпқабатты тұрғын үйлерде залалсыздандыру жұмыстары атқарылуда. Оған 40 әскери қызметкер мен арнайы 10 техника жұмылдырылған. Ауданда үлкен базарлар орналаспаған, алайда шағын елдімекендегі базарлар толығымен жабылды. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша құрылған мобилді топпен күнделікті рейд жүргізілуде. Біздің ауданда 4 супермаркет, 16 кіші шағын маркет және 500-ге жуық дүкен орналасқан. Барлық сауда орындарына ескерту қағазы таратылды. «Біз біргеміз» акциясы бойынша шалғай жатқан елді мекендердегі тұрғындарға 50 мыңға жуық бетперде таратылса, 6 100 мұқтаж отбасы азық-түлік көмегін алды. Қазіргі таңда, қосымша тізім жасақталды, ол тиісті орындарға жолданатын болады, — деді Қаратау ауданының әкімі.

Сондай-ақ, брифингте аудан әкімі тұрғындардың қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіліп жатқанын да атап өтті.

– «Магнум» желісі арқылы көмек алатын азаматтар саны – 4 055. Дегенмен, ауданда «Магнум» желісі орналаспағандықтан Әл-Фараби ауданына барып көмек алатын. Қазір ол шешімін тапты, шалғай жатқан елдімекендерге өзіміз апарып, тарату жұмыстарын атқарудамыз, — деді аудан әкімі Абзал Әліқұлов.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*