Шымкент қаласындағы «Bal-Tekstil» кілем фабрикасы Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су басып қалған ауылдардың тұрғындарына 404 кілем әкелді. Атакент ауылындағы облыстық штаб қоймасына жеткізілген кілемдердің жалпы сомасы 6 млн теңге. Кілем керуенін «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің мүшесі, «Bal-Tekstil» кілем фабрикасының директоры, белгілі кәсіпкер-меценат Талғат Исқақов мақтааралдықтарға деп арнайы жөнелткен.
«Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан 6 мыңға жуық тұрғын зардап шекті. Мыңға жуық отбасы баспанасынан айрылды. 8 мың гектарға жуық егістік жер мен мал-мүліктерін су шайып кетті. Осыны ескере отырып, біздің ұжым да Мырзашөл халқына көмек қолын созуды азаматтық борышымыз деп санаймыз. Біз жіберген кілемдер жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойлайтын тұрғындарға тегін таратылатын болады», — дейді «Bal-Tekstil» кілем фабрикасының директоры Талғат Исқақов.
Қоймаға келіп түскен кілемдердің көркі көз тартады. Көлемдері де сан қилы. Үйге төселетін шағын әрі ірі кілемдер облыстық штабтың арнайы жиһаз, көрпе-төсек жиналатын қоймасына түсірілді.
Пікір қалдыру