Шымкент қаласында елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, бүгінгі күнге дейін 2 миллионнан астам көп қолданылатын маска, 88 тонна дезинфекциялық заттар, 166 мыңнан астам спрей шығарылған. Бұл жөнінде қала әкімі М.Әйтенов брифинг барысында айтып өтті.
Мегаполисте инфекцияның тез таралуына жол бермеу мақсатында әкімшілік тарапынан бірнеше маңызды шаралар қабылданғанын айтқан қала басшысы қалада жұқпалы аурулар ауруханасында коронавируске арналған төсек орындар 300-ден 450-ге ұлғайтылғанын және 320 төсек орындық провизорлық стационар мен 1 416 карантиндік орындар ашылғанын хабарлады.
«Covid-19 жұқтырған азаматтарды уақытылы анықтау мақсатында, лабораториялық тесттен өткізу шаралары күшейтілді. Қаладағы Ұлттық зерттеу орталығының филиалынан бөлек, қосымша 3 лабораториялық зерттеу орындары ашылды. Нәтижесінде, күніне тестілеу қуаттылығы 300-ден 500-ге жеткізілді. Сонымен қатар, жаңадан 2 лаборатория ашылып, тестілеуді 3 есеге дейін ұлғайтатын боламыз. Сәуір-мамыр айларында жоспарлы тестілеуден өтетін 23 мың адамның 19 845 яғни, 86% ПЦР тесттен өткізілді»,-деді әкім.
Жалпы қалада індетпен күресу мақсатында 30 мыңнан астам медицина мамандары мен полиция және әскер қызметкерлері еңбек етуде.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру